Жаңалықтар

«58%-ы ер адам»: елдегі қарттар үйінде қанша зейнеткер тұрып жатыр

Ел бойынша 45 қарттар үйі жұмыс істеп тұр/фото: shutterstock

Елімізде үш жарым мыңнан аса зейнеткер қарттар үйінде тұрып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында көрсетілген.

Ел бойынша 45 қарттар үйі жұмыс істеп тұр. Ол жерде 3547 адам тұрады. Ішінде 2058 ер адам, 1489 әйел бар.

«Балама ретінде жартылай стационарда және үйде қызмет көрсетіледі. Елде үйге барып әлеуметтік көмек көрсететін 134 бөлімше бар. Олар 28 мыңнан астам жалғызбасты қарт кісіні қамтып отыр», – делінген Бектенов жауабында.

Ал егде жастағы азаматтарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап артериялық гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтер тегін жүргізіледі.

«2029 жылға дейінгі денсаулық сақтау жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді, онда гериатриялық көмекті дамыту шаралары қарастырылған», – делінген жауапта.

Айта кетейік, гериатриялық көмек – қарт кісілердің қажеттілігін ескеріп, олардың денсаулығын, өмір сүру сапасын сақтауға бағытталған медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебі бойынша 2030 жылдары елде 3 миллион зейнеткер болады.