
20 қараша күні әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі Мөлдір Мұқанның «Шай в большом городе» фильмі көрерменге жол тартқанымен, премьерадан кейін бірден әлеуметтік желілерде сынға ұшырады.
Көрермендер мен блогерлер картинаның көркемдік деңгейін талқылап, пікір екіге жарылды. Бірі Мөлдірді қолдаса, енді бірі фильмді кәсіби тұрғыда әлсіз деп бағалап жатыр.
Фильмде Мөлдір продюсерлікпен қатар, басты рөлде ойнайды. Сюжет ауылдан қалаға келген үш құрбының шоу-бизнес жұлдызына айналған ескі достарын құттықтауға келуінен басталады. Бірақ қуанышты кездесу бірте-бірте әркімнің шынайы болмысын ашып, жалған жарнама мен шынайы достықтың айырмашылығын көрсетеді.
Премьерадан кейін Мөлдір фильмге деген үлкен қызығушылықты көрсететін стористер жариялап жатыр. Бірақ дәл осы тұста негатив пікірлер де қарша борап жатыр.
Ең өткір пікір қалдырғандардың бірі танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жары Бақыт Тұрман, Instagram парақшасында:
«Мөлдірдің подкастын да, фильмін де көрдім. Подкастта өзі айтқан кемшіліктердің бәрі киноның ішінде жүр. Актерлік құрам әлсіз, көпшілігі тәжірибесіз. Жалпы юмор да, сатира да жоқ. Блогерлерді жинағандай әсер қалдырды. Миллиард жинайтын деңгей емес. Костюмдер ескірген, дубляж құлаққа ауыр. Бәсекеге қабілетті фильм деп айту қиын. Бұл – менің пікірім», – деп сын айтты.
Алайда Бақыттың бұл сыны желі қолданушыларының көңілінен шықпады. Комментарийлерде:
«Мөлдірді қызғанып отыр»,«Әйелдің жауы – әйел», «Тым қатты сынап жіберді» деген пікірлер басым.
Соған қарамастан, фильмге қатысты талқылау әлі де тоқтар емес. Бір топ көрермен Мөлдірдің еңбегін қолдаса, тағы бір бөлігі шынайы өнер бәсекесінде фильм әлсіз екенін айтып отыр.
Еске сала кетейік, фильм шығар алдында Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатовпен ажырасқанын жариялаған еді.