Жаңалықтар

«Ешқашан бітпейтін дау»: мектептерде сағатты қалай әділ бөлу керек

Министрлік мұғалім жүктемесін цифрландыруға көшпек / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мектепте мұғалімдер арасындағы «сағат бөлу» мәселесі білім беру жүйесінің бітпейтін бас ауруына айналған. Сағаты қысқарған ұстаздар директорлар мен орынбасарларға шағым түсіреді, кейбірі жұмыстан кетуге мәжбүр болады. Жүйені қалай өзгерту керек? Министр Жұлдыз Сүлейменовадан бастап сарапшылар бұл жайында не ойлайды? Kursiv.Media тілшісі осы проблемаға үңіліп көрді.

16 сағаттық жүйе

Мемлекеттік мектептерде мұғалімнің негізгі апталық жүктемесі – 16 сағат. Бұл норма қазіргі «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында 2019 жылы бекітілген. Оның алдында көп мұғалім 36-42 сағаттық жүктемемен жұмыс істейтін. Сағаттың азаюы педагог мамандығын тартымды етуге бағытталған қадам болған. Алайда оның нәтижесінде сағат үшін тартыс одан сайын үдей түсті. Өйткені сағат азайса, оны бөлісу қиындайды. Бір мектепте бір мұғалім 24 сағат алса, екіншісі 16 сағатпен қалады, ал бұл тікелей жалақыға әсер етеді.

Сағатты үлестірудің ресми тетігі бар: оқу жоспары, сынып саны, пәндер көлемі ескеріледі. Бірақ нақты шешім қабылдайтын орган – мектеп директоры және оның оқу ісі жөніндегі орынбасарлары. Сондықтан сағаттың кімге қанша берілуі көбіне адами факторға тәуелді. Осы тұста «директор жақын көретін мұғалімге артық сағат береді», «жас мамандарға сағат жетпейді», «зейнет жасына жақындап қалғандарға сағат аз бөлінді» деген шексіз даулар бола береді, бола береді.

16 сағаттық жүйе қағаз жүзінде тиімді болғанымен, мектептердің жағдайы өзгермеген: бір мектеп үш ауысымды, бір мектеп бір ауысымды, бірінде 2500 бала оқиды, енді бірінде 300 ғана. Мұндай айырмашылықта сағатты әділ бөлу – математикалық емес, эмоциялық, әлеуметтік және әкімшілік күрделі процес. Кей мектептерде орынбасарлар шешімді кеңеспен қабылдаса, кей жерде директордың жеке шешіміне тәуелді. Сондықтан мұғалімдер сағатты бөлетін басшыларға жалтақтауға мәжбүр. Дәл осы себепті сағат бөлу Қазақстан мектептерінде жыл сайынғы, ешқашан шешілмейтін жүйелік дауға айналып отыр.

Әлемдік тәжірибе. Финляндия, Жапония мен Эстония

Финляндияда мұғалімдер сағатпен емес, айлық жалақысы тұрақты еңбек шартымен жұмыс істейді. Олар бір күнде орта есеппен 4-5 сағат қана сабақ береді, қалған уақыты дайындық пен әдістемеге жұмсалады. Жалақы сағатқа емес, кәсіби деңгейіне, біліктілік категориясына, жұмыс өтіліне байланысты есептеледі. Сондықтан фин мұғалімі бір сағат «алып қояды» деп уайымдамайды – айлығы өзгермейді.

Жапонияда мектеп мұғалімдері 8 сағаттық толық еңбек шартымен жұмыс істейді. Сабақ, үйірме, сыныптан тыс жұмыстар – барлығы бір еңбек келісіміне кіреді. Жалақысы да өте тұрақты, мұғалім мамандығы ең қауіпсіз және ең құрметті бастауыш кәсіптердің бірі саналады. Ең қызығы: жапон мұғалімдері ешқашан сағатқа таласпайды, өйткені еңбек жүйесі оған жол бермейді.

Кеңестік жүйеден шықты деген Эстонияда да сағаттық төлем жоқ. Мұғалім жылдық еңбек келісімшартымен жұмыс істейді, ал жүктеменің өзгеруі жалақыға әсер етпейді. Мұғалім мектеп тарапынан тұрақтылық пен кәсіби қолдау алады. Сондықтан Эстония білім рейтингі бойынша әлемде үздік бестіктің қатарында.

Осы елдердегі тәжірибе бір нәрсені дәлелдейді: сағатқа тәуелді жалақы – дамыған білім жүйесінде болмайтын құбылыс. Сағатқа байланысты дау да, жалақыға қатысты тұрақсыздық та жоқ.

Аймағамбетов: «Сағат үшін талас – мұғалімдердің де арасындағы дау»

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, мектепте сағатты бөлу мәселесі директор мен орынбасарларының немесе мұғалімдер мен басшылықтың ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің арасындағы да мәселе. Себебі бір мұғалім «мен 15 сағат алдым, ол неге 24 сағатты алып кетті» деген дау-дамай білім ордаларының көбінде болады. Мұның арты білім ордаларының ішінде түрлі мәселелерді туғызады.

«Егер сіздер әлемдік тәжірибені зерттесеңіздер, ставка жүйесімен жалақы төлейтін мемлекеттер өте аз. Жоқтың қасы. Ал бізде совет үкіметінен қалған жүйе. Көп мемлекет басқа жүйемен ақы төлейді. Мен министрлікте жүрген кезде осы жүйені өзгертуге бағытталған пилоттық жобаны бастадым. Өйткені «Финляндияда былай, Қытайда солай» деп жүйені өзгерте алмайсың. Себебі әр елдің өзінің контексті мен мәдениеті бар. Сондықтан міндетті түрде ғылыми тұрғыда зерттеу керек, содан кейін пилоттық жоба бойынша көру керек», – дейді ол.

Депутат пилоттық жобаны бастаймын деп жүргенде министрліктен кеткенін айтады.

«Ары қарай ол тәжірибені біздің әріптестер жалғастыра ма, жоқ па – сұрақты сол әріптестерімізге қойсаңыздар болады. Бұл бағытта зерттеу өте көп. Чатджипитиден Қырғызстандағы немесе Моңғолиядағы тәжірибені зерттеуге болады. Олар бұл жүйеден өтіп кеткен», – дейді ол.

Асхат Аймағамбетов бұрынғы әріптесі Жұлдыз Сүлейменоваға кезінде өзі бастаған пилоттық жобаны ұсынбайтынын айтты. Сөзінше, Сүлейменова білімді маман, әрі министрлікте жұмыс істейтін адамдар шешімді өздері қабылдайды.

Министрдің шешімі – цифрландыру

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазіргі жүйені кеңестік кезеңнен қалған жүйе деп санамайды. 2019 жылы Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған. Осы заң аясында педагог мәртебесінің апталық жүктемесі 16 сағатқа төмендеген.

«Оған дейін сағаттарды қарасаңыз, апталық жүктемесі екі есеге көп болды. Мен өзім 42 сағатпен жұмыс істеген адаммын. Бұл – мұғалімдерімізге жасалған жағдайдың негізгі дәлелі. Еңбек заңнамасына сәйкес мұғалімдерге 1,5 ставкаға дейін алуға мүмкіндік береді. Яғни, бұл жердегі нақты сағатты көріп отырмыз. Еңбек министрлігімен бірлесе отырып, біз осы сағаттардың санын цифрландырғымыз келеді. Өйткені бұл сағаттар оқушылардың санына, сынып комплектісіне қарай бөлінеді. Егер сағаттардың саны цифрландырылып, бәрі ашық ақпарат түрінде болса, онда бүгінгі таңдағы қаржылық бұзушылықтар орын алмас еді. Қанша сағат бөлінетінін білетін едік, соған сәйкес оның қаражаты есептелетін еді. Егер сағат саны мен қаражаты цифрландырылса, оның бәрі қолжетімді болса, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға мүмкін болатын еді. Ертең біз Еңбек министрлігіне арнайы барып, осы платформаларды жетілдіруге байланысты жұмысымызды жалғастыратын боламыз», – дейді ол.

Ал сағатты сонда директорлар мен орынбасарлар тағайындай ма? Бұл сұраққа берген жауабында Сүлейменова заңнама тұрғысынан, әділеттілік тұрғысынан кез келген мұғалім өз пәнімен оқушыларды 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін сүйемелдеп, емтиханға дайындап ҰБТ-дан өткізуге міндетті екенін айтады. Сонымен қатар бұл мәселенің ашықтығын, тиімділігі, әділеттілігі бойынша платформаларға цифрландыру арқылы шешуді қарастырғысы келетінін атап өтті.

«Біріншіден, біз штат санын сағат санымен бірлестіру арқылы шешкіміз келеді. Екіншіден, ол тек қана директордың, оқу ісі орынбасарларының жеке өздеріне ұнаған мұғалімге сағат бөлгендегі әділетсіздікті тоқтату үшін осы НОБД арқылы мұғалімдердің жүктемесін қарай отырып, олардың алған сыныптарын 11-сыныпқа дейін сүйемелдеуін қарастыру өзекті деп санаймын», – дейді ол.

Жүйені өзгертетін уақыт келді

Білім саласының сарапшысы, Astana Garden School инновациялық мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев бірінші мектептегі ставка жүйесі қашан және қалай қабылданғанын зерттеу керектігін айтады. Бұл жүйе экономикаға шынымен тиімді ме? Ақша үнемдеуге көмектесе ме? Мұғалімдердің жұмыс сапасын арттыруға көмектесе ме? Көрші елдерде ставка жүйесі неге жұмыс істемейді? Неге олар 8 сағаттық еңбек шартымен жұмысқа қабылданады? Соны қарау керек деп санайды.

«Бәлкім, мектепте екі ауысымда жұмыс істегеннен кейін оларға бірінші ауысымдағы мұғалімдерге орнын босатуы керек пе – бәрінің себебін қарағаннан кейін ғана ары қарай мәселені талқылауға болады. Ал сағатты бөлу – ешқашан бітпейтін мәселе. Ставка, сағат болған соң кімге қанша сағат бөлінетінін міндетті түрде шешім қабылдайтын бір адам болады. Қаншалықты бұл әділ? Әділдік мәселесі туындамайтын жүйені жасауға не кедергі? Дәл қазір мәселе адами факторға қарап тұр. Елдегі 400 мыңнан аса мұғалімнің жалақы мәселесі басқарып отырған 10 мыңнан аса топ-менеджерге қарап тұр. 400 мың ұстаз жыл сайын «келесі жылы сағатым қысқарып қалмай ма екен?» деп уайымдап отырады. Өйткені мұғалім секілді мамандардың жалақы мәселесі ешқашан туындамауы керек. Жалақының тұрақтылығына байланысты сұрақ ешқашан туындамауы тиіс. Олар «келесі жылы жалақым елдегі инфляцияға сәйкес көбейеді, жұмыс өтілім көбейеді» деп болжап отыруы тиіс. Болжам жасай алмаса, мұғалімдікке мықты мамандар келмейді. Тек амалы болмаған соң әлсіз мамандар келеді», – дейді ол.

Сарапшы бұл мәселе шешімін таппаса, ешқашан тоқтамайтынын айтады. Әрине жүйені өзгерту керек дейді.

«Ештеңе адами факторға қарамау керек. Шетелде мұндай тәжірибе жоқ. Сағатпен айлықты мамандығы мен білімі жоқ адамдарға, кассирге, күзетшіге, ыдыс жуушыға төлейді немесе өте жоғары ақыны талап ететін, консалтингті компанияда еңбек ететін терең білімді мамандарға төлейді. Ең төмен немесе ең жоғарыдағылар сағатпен есептеседі. Ал орта буында тұрғандар ешкім сағатпен есептеспейді. Көп мемлекетте ставка жүйесі ешқашан болмаған. Ал бізде жүйені өзгертетін уақыт келді», – деп түйді сарапшы.

Күрделі шаруа

Білім саласының тағы бір сарапшысы, «Qazbilim» ұлттық лицейінің негізін қалаушы Аятжан Ахметжан тұрақты жүйе қарастыру керек деп ойлайды. Алайда нормативтік жүйені біздің жағдайда енгізу қиын екенін айтады. Себебі мектептердің өзі біркелкі емес: бірінде – бір ауысым, екіншісінде – екі, үшіншісінде – үш ауысым. Бір мектепте оқушы көп болса, екіншісінде аз. Елдегі мектептердің жағдайы әркелкі болғандықтан, бірыңғай ставка жүйесін енгізу – өте күрделі міндет.

«Басқа ставка жүйесін енгізу деген үлкен сұрақ тудырады. Ертең мектептің әрқилылығы, жұмыс кестесінің әртүрлілігіне байланысты қазіргі 16 сағаттық ставка жүйесі сияқты бір ауысымды немесе екінші ауысымда істейтін мұғалім дегендей айырмашылықтар туады. Кейбір сағаттардың жүктемесі аз, кейбірінде көп – оның бәрін бір ретке келтіру өте қиын шаруа. 8 сағаттық жұмыс кестесі бекітілсе, ешкім сағатқа таласпайды, жүре береді. Ал ондай жағдайда ертең мұғалімді табу мәселесі өте көп сұрақ туғызады. Қай жүйені енгізсең де, орындаушы фактор әлсіз болса, ешқандай өнім бермейді. Мемлекет қанша реформа жасаса да, мектептің директоры дұрыс болмаса, бәрібір ол іске аспайды. Сондықтан бұл жерде директордың іскерлігі, адалдығы басқа әңгіме», –  дейді ол.

Сарапшының сөзінше, цифрландыру мектептегі сағатты бірдей бөліп беруі мүмкін. Бірақ әділеттіліктің келесі жағы: бір мұғалім мықты, екіншісі әлсіз болуы ықтимал.

«Екеуіне бірдей сағат беруге мен мысалы қарсымын. Егер бәрін бірдей цифрландырсақ, адамның біліктілігі деген қайда қалады? Ол жағын ойлану керек. Мектептің әуелі жүйесін реттеп алу керек. Сол кезде өзінен-ақ талаптарды реттеуге болады. Ондайда Оқушылар сарайының да керегі болмай қалады. Өйткені мектеп бір ауысымды болса, функцияны толық өзіне ала алады. Өкінішке қарай дәл қазір материалдық жағдайды айтпағанда атқамінерлер, облыс әкімдері мектеп бір ауысымды болуы керек дегенді елестете алмайды. Тіпті облыста үш ауысымды мектеп жоқ, енді бізге мектеп қажет емес, жекеменшік мектептер керек емес» деп жүрген атқамінерлер бар», – дейді Аятжан Ахметжан. 

Аятжан Ахметжанның айтуынша, дамыған елдер – Эстония, Сингапур, Финляндия, Жапонияға назар салсақ, олардың барлығында мектептер бір ауысыммен жұмыс істейді. Мұғалімдерде толыққанды сегіз сағаттық жұмыс күні бар: таңертең келеді, жұмысы аяқталғанда қайтады. Ал бізде бұл жүйені енгізуге кедергі өте көп.

Kursiv.Media порталы мұғалімдер арасындағы «сағат бөлу» мәселесін назарда ұстайды. Алдағы уақытта жауапты министрліктің бұл түйткілді мәселені цифрландыру арқылы қалай шешпек ниетте екеніне назар аударамыз.