Заңға қайшы контенттің көбі порнографиялық сипатта

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: polisia.kz

Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Ішкі істер министрлігі қоғамда резонанс тудырып жүрген пранк контентіне қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады.

Ведомствоның дерегінше, жыл басынан бері пранкерлерді жауапкершілікке тарту тақырыбында ақпараттық кеңістікте 2 мыңнан астам материал жарияланған. Оның 1 082-сі – БАҚ-та, 1 170-і – әлеуметтік желілерде.

Министрлік заңға қайшы интернет-контентті анықтау бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ағымдағы жылы құқыққа қайшы мазмұндағы 100,8 мыңнан астам шетелдік ресурс тіркелген. Оның ішінде:

  • қаржы пирамидалары – 15 301,
  • порнографиялық материалдар – 24 662,
  • интернет-казино – 4 601,
  • онлайн-казино жарнамалары – 17 297,
  • жалған ақпарат – 22 063,
  • есірткі қылмысына қатысты контент – 1 981,
  • фишингтік сайттар – 2 894,
  • суицидті насихаттау – 426,
  • қатыгездік пен зорлық-зомбылықты дәріптеу – 1 193,
  • өзге де құқықбұзушылықтар – 8 673.

Осы ресурстардың 28 554-і бұғатталған. Оның ішінде:

  • порнография – 16 524,
  • электрондық және интернет-казино – 5 576,
  • қаржы пирамидалары – 3 419,
  • есірткі контенті – 518,
  • фишингтік сайттар – 513,
  • суицидті насихаттау – 50,
  • жалған ақпарат – 372.

Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту үшін криминогендік аймақтарда 209 стационарлық полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Патруль қызметі тәулік бойы модульдік пункттерде кезекшілік атқарып, азаматтардың арыз-өтініштерін қабылдайды.

Айта кетейік, мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев бұған дейін пранк видеолардың қоғамға зиянын атап, блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді сұраған болатын. Оның айтуынша, кейбір пранкерлер адам құқығын бұзып, жеке өмірге қол сұғып, қоғамдық тәртіпті бүлдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз