Қытайлар бізді басып алуға емес, зауыт салуға келді – Садыр Жапаров

Қырғызстан президент Садыр Жапаров Бішкектегі «Алтай» қалашығының іргетасын қалау рәсімінен кейін, арандатушылыққа ермеуге шақырды.
24.kg ақпаратына қарағанда, бұл туралы ол Первомай ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеме жасаған.
Ол кейбір күштер елде қытай азаматтары тым көбейіп кетті деп, халықты арандатып жатқанын алға тартты.
«Бірақ олар бізді басып алуға келген жоқ, дәл осындай зауыттар салуға, темір жол салуға келді. Мұның бәрі бізге қажет. Біз үңгірде өмір сүре алмаймыз. 2030 жылдан бастап темір жолдың арқасында әлемдік нарықтарға шығамыз, транзиттік мүмкіндік пайда болады», – деді мемлекет басшысы.
Билік атқарған жұмыстар туралы айта келе, ол желтоқсанда жұмысын бастайтын қоқыс өңдеу зауытының құрылысын мысал ретінде келтірді.
«30 жыл бойы қоқыс өртеніп, халық сасық иісте өмір сүрді. Ал қазір зауыт салынды, енді қоқыс жетпей жатыр. Зауыттың қуаты – 1 мың 200 тонна, ал бізде Бішкекте 800 тонна қоқыс жиналады. Оның үстіне ол қоқысты жай ғана өртемейді, бізге қосымша 30 мегаватт электр энергиясын береді», – деді президент.
Еске салсақ, бұған дейін Қытай және Қырғызстан азаматтары арасында карьерден құм-қиыршық тас қоспасын тасымалдау кезінде жанжал шыққан еді. Салдарынан төбелес болған. Жүргізушілердің бірі жарақатпен Шу облыстық ауруханасына жүгінді. 16 қытай азаматы ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды.