Алматыда Саин көшесін ұзарту 6 жылдан бері неге бітпей жатыр

Алматы әкімдігі мегаполистегі Саин көшесін ұзарту жұмыстары неге кешеуілдеп жатқанын түсіндірді. Шаһар әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс басына барды.
Саин көшесін ұзарту жұмыстары сонау 2019 жылы басталған. Жоспар бойынша, көше Рысқұлов даңғылынан бастап қаланың шетіне дейін созылуы керек.
Құрылыс 2025 жылдың аяғында, 2026 жылдың басында аяқталатыны айтылған. Алайда әкімдік түрлі қиындыққа тап болғанын мәлімдеп отыр.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі аралықта Саин көшесін ұзарту жұмысының барысымен танысқан.
«Нысанның аяқталу мерзімі жер телімдерін сатып алуда туындаған қиындықтарға байланысты кейінге шегерілген. Соңғы учаске тек биыл қазан айында босатылып, содан кейін ғана құрылыс қыза түсті», – деп таратты қала әкімдігі.
Жергілікті билік мәліметінше, қазір жоспарланған 3,2 шақырым жолдың 1,8 шақырымы салынды. Дегенмен жол салынатын аумақтағы электр желілерін көшіру қажет.
«Қалған бөлігінде 110 кВ жоғары кернеулі электр желісін қайта орналастыру жұмыстары жүріп жатыр, бұл қосымша техникалық шешімдерді талап етеді», – деп түсіндірді әкімдік.
Сатыбалды Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасына, мердігер ұйымға қосымша жұмыс күшін жұмылдырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Мақсат – қала үшін маңызды жобаны белгіленген мерзімде аяқтау. Әкімдік таратқан мәліметте жол салу нақты қашан аяқталатыны туралы ештеңе айтылмаған.
Бұған дейін Kursiv.Media Алматы-1 вокзалында демалыс капсулалары бар қонақүй ашылатыны туралы жазған.