Жаңалықтар

Арабтар елде 180 мың адам тұратын жаңа қаланы 14 млрд долларға салады

Талғар қаласы жаңа қала эко сити
Talgar Eco City макеті екі жыл бұрын таныстырылған / фото: instagram.com/talgar_audany_akimdigi

Ішінара араб инвесторларына тиесілі Talgar Development Ltd компаниясы Алматы облысында 180 мың адамға арналған жаңа қала тұрғызады. Talgar Eco City құрылысына жауапты компания өкілдерімен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев кездесті.

Араб инвесторларамын кездесу / фото: gov.kz

Өңір әкімі Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторларға облыс әлеуетін таныстырды.

«Біз үшін әрбір инвестор маңызды. Бизнес жүргізу үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», – деді Сұлтанғазиев.

Talgar Development өкілі Хайссам Каддура жобада тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, сауда және ойын-сауық нысандары салынатынын айтты. Экология талаптарына ерекше мән беріледі. Инвестор «жасыл» технологияны мейлінше көп қолданады.

Жаңа қала 180 мың тұрғынға есептеледі. Жалпы аумағы 11,8 млн шаршы метр. Мұнда 36 мың жұмыс орны ашылады. Жаңа қалаға 14 млрд доллардан астам инвестиция тарту көзделген.

Екі жыл бұрын Талғар ауданының әкімдігі жаңа қала Кеңдала ауылы маңында салынатынын хабарлаған. Сол кезде Talgar Eco City қаласының макеті де көрсетілген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Talgar Eco City бас жоспарын AE7 (БАӘ) компаниясы әзірледі. Ал 2025 жылғы шілдеде, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында, «Dinar Holding Ltd» (Қазақстан) пен «44Degree» (БАӘ) компаниялары Talgar Development Ltd бірлескен кәсіпорынын құрған.