Жаңалықтар

Forbes тізіміндегі миллионер қазасынан кейін Астанадағы зауыт мұрагерлерге өтті

Бетон шығаратын зауыт екі мұрагердің қолына өтті / фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Астана қаласында бетон шығаратын «Стройконструкция» компаниясы акционерлерінің құрамы өзгерді. Қаржы есебі депозитарийі сайтында осындай мәлімет жарияланды.

2025 жылғы мамырда компанияның бас акционері Виктор Буллер қайтыс болды. Сол кезде кәсіпкер Forbes тізімінде 69-орында тұрған. Оның дәулеті 102 млн долларға бағаланған.

Енді осы кәсіпорынды ұзақ жыл басқарған Виктор Буллер компания акционерлері тізімінен түсіп қалды. Оның орнына марқұмның қызы Татьяна Буллер мен Валентина Буллер кірді.

Акционерлер құрамындағы өзгеріс 19 қарашада тіркелді. Сол күннен бастап ірі акционерлер тізімінде Татьяна Буллер, Валентина Буллер және Дәулет Аймұхамбетов аталады. «Стройконструкция» компаниясының акционерлері – 473 жеке тұлға.

Виктор Буллер 1945 жылы дүниеге келген. Ол 1968 жылы инженер дипломымен Целиноград темір-бетон бұйымдары комбинатына жұмысқа орналасқан, ал 1973 жылы сол комбинаттың директоры болған. 1992 жылы комбинат «Стройконструкция» болып қайта құрылып, Виктор соның президенті болып тағайындалған.

Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға (кейін Астанаға) көшірген уақытта компания табысы артты. Оның 2024 жылғы қаржы көрсеткіштері мынадай:

  • Кіріс – 17,1 млрд теңге (2023 жылы 18,6 млрд теңге болған)
  • Таза пайда – 8 млрд теңге (2023 жылы 4,2 млрд теңге).

2023 жылы «Стройконструкция» өнім сатып алушыдан қарыздың өтеуі ретінде Астанадан жалпы аумағы 4,2 мың шаршы метр болатын коммерциялық үй-жай алған. Оның құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған. Компания жылжымайтын мүлікті 2025 жылғы бірінші тоқсанда сатуды жоспарлаған.

Бұған дейін Forbes тізіміндегі кәсіпкерге тиесілі компания шығынға батқаны туралы жазғанбыз.