«Қалқаман» метро бекеті қай айда ашылатыны мәлім болды

Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмысшылар тоннель тесуді аяқтап қалды. Ал 2025 жылдың аяғына дейін рельс төселеді. Станция 2026 жылдың алғашқы жартысының аяғына қарай, яғни мамыр немесе маусым айында ашылады.
Бас мердігер Bazis Construction метроның сол жақ бағытындағы тоннельге рельс төсеп болды. Рельстер тігіссіз, яғни шпальсіз жасалған.
«Әрбір 25 метрлік рельс алюмин дәнекерлеу әдісімен біріктіріледі. Балқытылған металл оларды мықтап бекітіп, рельстерді үздіксіз бір желіге айналдырады. Соның арқасында пойыздар бірқалыпты әрі дыбыссыз жүреді», — деді Bazis Construction компаниясының басқарушы директоры Мұрат Үкшебаев.
Ал оң жақтағы жолда 1600 метрдің 357 метрі ғана қалды. Күнде 5 метр тартылып жатқанын ескерсек, жұмысты аяқтауға екі айдан сәл асатын уақыт қажет.
«Жыл аяғына дейін станция маңындағы құрылыстарда және «Қалқаман» бекетінің өзінде рельс төсеп бітіреміз», — дейді Үкшебаев.
Қазір тоннельдерде электр кабельдері, су құбыры және дренаж жүйесі тартылып жатыр. Жарық пен кронштейндер орнатылды. Монолит жұмысы да аяқталуға жақын.
Енді дыбыс, бейнебақылау, өткізу жүйелері, өрт және күзет дабылдары орнатылады. Бекетті әрлеу жұмыстары басталып кетті.
Әкімдіктің хабарлауынша, Bazis Construction құрылысты мерзімінен бұрын — екі жыл емес, 14 айда аяқтауды жоспарлап отыр. Құрылыс алаңында тәулік бойы үш ауысыммен 400-ден астам тәжірибелі маман жұмыс істейді.
Бұған дейін жергілікті билік «Қалқаман» бекетін 2025 жылы ашуды көздеген. Құрылыс сәл созылып кетті. Жобаның жалпы құны — 57,3 млрд теңге.
Алматы метрополитені 2011 жылғы желтоқсанда іске қосылды. Қазір жалғыз желіде 11 бекет бар: «Райымбек батыр» → «Жібек жолы» → «Алмалы» → «Абай» → «Байқоңыр» → «Мұхтар Әуезов атындағы театр» → «Алатау» → «Сайран» → «Мәскеу» → «Сарыарқа» → «Бауыржан Момышұлы». Оған «Қалқаман» мен «Батыс автовокзал» бекеттері қосылады.
Алматы метрополитенінің құрылысы сонау 1988 жылы басталған. Алайда, Кеңес одағы ыдыраған жылдары, оның құрылысы қаражат жоқтығына байланысты тоқтап қалған. 2003 жылы ғана бюджеттен ақша аударылып, құрылыс қайта жанданған.
Қарашаның басында Алматыда «Оңай» істемей, жолаушылар метроға кіре алмай қалған.