
2025 жылы Қазақстан Ұлттық банкі 32,4 тонна алтын сатып алды. Қазір ол әлем елдері арасында екінші орында тұр. Бірінші орындағы Польша биыл 67,1 тонна алтын алған.
BestBrokers зерттеу компаниясы жыл басынан бері қай елдер көп алтын сатып алғанын есептеп шықты. Ол Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) мәліметіне сүйенді. Алғашқы үш орынға Польша, Қазақстан және Қытай (22,7 т) орналасты.

Алғашқы ондыққа Түрция, Чехия, Камбоджа, Гана, Катар, Үндістан және Сербия елдері енді.
Зерттеу компаниясының мәліметінше, биыл бірнеше елдің орталық банкі алтын қорын қысқартқан. Олардың арасында Өзбекстан да бар. Осы елдің ұлттық банкі 2025 жылы 16,8 тонна алтын сатқан. Алтын қоры азайған елдер арасында Ресей де жүр. Көрші елдің алтын қоры биыл 6,2 тоннаға азайды.
Алтын қоры жөнінен АҚШ көш бастап келеді – 8133 т. Одан кейінгі орындарға Германия (3350 т), Италия (2451 т), Франция (2437 т) және Ресей (2329 т) орналасты.
Қазақстан неге алтын сатып алды
2025 жылғы қаңтар-қазан айларында Ұлттық банк (ҰБ) теңгені нығайту үшін 2,7 трлн теңге, яғни шамамен 5,1 млрд доллар жұмсады. Қаржы мекемесі қараша-желтоқсан айларында тағы 1 трлн теңге салуды көздеп отыр.
Қомақты қаражаттың бір бөлігі алтын сатып алуға жұмсалды. Бұл туралы ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов 20 қарашада Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.