
Кейінгі бірнеше айда жөтелге қарсы үнді шәрбатынан кем дегенде 24 бала қайтыс болды. Үндістан билігі тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Reuters үш дереккөздің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Естеріңізде болса, 2022-2023 жылдары Африка мен Орталық Азия елдерінде, әсіресе, Өзбекстанда тұмауға қарсы үнді препаратынан 140-тан астам бала қайтыс болған. 2025 жылғы қыркүйектен бастап тағы да осындай шәрбаттан балалар көз жұма бастады. Үш жыл бұрынғы оқиғаның қайталануынан сескенген жергілікті билік тексеру жүргізіп жатыр.
Reuters агенттігінің үш дереккөзінің айтуынша, жөтелді басуға арналған Coldrif шәрбатын дайындау кезінде пайдаланылған еріткіш улы химиялық затпен ластануы мүмкін. Препаратты Sresan Pharmaceutical Manufacturer шығарады.
Sresan 50 кг пропиленгликоль (PG) еріткішін 25 наурызда жергілікті Sunrise Biotech химикат дистрибьютерінен сатып алған. Ол дәл сол күні еріткішті жууға арналған заттар мен химикат шығаратын басқа бір Jinkushal Aroma фирмасынан алғаны мәлім болып отыр.
Балалар қайтыс бола бастаған кейін ғана қамданған билік Coldrif шәрбаты өндірістегі улы зат – диэтиленгликолмен ластанғанын анықтады.
2022 жылы Өзбекстанда Marion Biotech компаниясы шығарған «Док-1 Макс» шәрбатынан 68 бала қайтыс болған еді. Сол кезде Нью-Дели дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген.
Үнді билігі Ченнай қаласына жақын маңда орналасқан Sresan фабрикасын тексеріп, өрескел заңбұзушылықтар бар екенін анықтады. Компанияның негізін қалаушы 2020 және 2022 жылдары сапасыз өнім шығарғаны үшін ұсталғаны мәлім. Sresan фабрикасы 2023 жылдан бері тексерілмеген, дейді дереккөздер.
Қазір Қазақстанда тұмаудың гонконг штамы (H3N2) ғана емес, басқа да 200-ге жуық респираторлы вирус тарап жатыр. Бала тұмауын жұқтырған жағдайда не істеу керек білгіңіз келсе, Kurisv.Media мақаласын оқыңыз. Бала дәрігері пайдалы кеңестер берді.