
Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингінде көш бастап тұрған миллиардер. Forbes-тің 2025 жылғы жаһандық рейтингіне сәйкес, Өтемұратов шамамен 3,7 млрд долларлық байлығымен әлемдік олигархтар тізімінде 979-орында тұр. Қазақстандағы ең бай он кәсіпкердің қатарына кіріп, 6-орынға жайғасқан. Оның бизнес активтері қаржы, телекоммуникация, девелопмент және қонақүй салаларын қамтиды. Кәсіпкердің қызметінде білім беру және қайырымдылық жобалары, сондай-ақ теннисті дамыту ерекше орын алады.
Өмірбаяны
Болат Жәмитұлы Өтемұратов 1957 жылдың 13 қарашасында Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) дүниеге келген. Әкесі – прокурор, анасы экономист-бухгалтер болған.
Балалық және жастық шағын Қызылорда қаласында өткізген. 1975 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының сауда экономикасы факультетіне түсіп, 1981 жылы экономист мамандығын алып шығады.
Отбасы
Үйленген. Жары Ажар Әбжәмиқызы Өтемұратовамен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Ұлдары Алидар мен Әнуар және қызы Динара.
Үлкен ұлы Алидар Өтемұратов кәсіпкерлікпен айналысып, өз жобаларына, оның ішінде қаржы және жылжымайтын мүлік саласына инвестиция салады. Одан кейінгі баласы Әнуар Өтемұратов отбасының ісін жалғастырып келеді. Ол ForteBank-тің директорлар кеңесі құрамына кірген және Verny Capital тобының активтерін басқаруға қатысады.
Мансабы
Диплом алғаннан кейін, Болат Өтемұратов біраз жыл өзі оқыған оқу орнында сабақ береді.
- 1986–1990 жылдар аралығында Алматыдағы Совет ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
- 1990–1992 жылдары Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі мемлекеттік комитетте бөлім, кейін басқарма бастығы қызметтерін атқарды. Бұл комитет кейін Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігіне айналды.
- 1992 жылы Болат Жәмитұлын Қазақстанның Австриядағы Сауда үйінің бас директоры етіп тағайындайды. Ол бұл қызметте республика мүддесін қорғап, инвестиция тарту жөнінде келіссөздер жүргізеді. Оның ең маңызды жетістіктерінің бірі Creditanstalt банкінен Қазақстан үшін алғашқы несиелік желінің ашылуына қол жеткізу болды.
- 1996-1999 жылдары Өтемұратов Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, Женевадағы БҰҰ бөлімшелеріндегі Тұрақты өкіл қызметін атқарды. Кейін Қазақстан Президентінің арнайы өкілі ретінде Қырғызстанда жұмыс істейді. 1990-шы жылдардың соңында және 2000-шы жылдардың басында Президент әкімшілігінде жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы және Президент іс басқармасының басшысы болды.
Бизнес империя қалай құрылды
1990-жылдардың ортасында Болат Өтемұратов қаржы секторында өз жобаларын дамыта бастайды. 1995 жылы серіктестерімен бірге Алматы сауда-қаржы банкін (АТФ Банк) құрды. Бірнеше жыл ішінде бұл банк нарықта елеулі орын алып, 2000-жылдардың ортасына қарай Қазақстандағы ірі банктердің біріне айналды.

2007 жылы АТФ Банк Итальяның UniCredit тобына 2,175 млрд АҚШ долларға сатылды. Бұл келісім ТМД-дағы банк секторындағы ең ірі мәміле және Қазақстанның қаржы тарихындағы ауқымды оқиғалардың бірі болды.
Verny Capital инвестициялық тобы жайлы
АТФ Банкті сатқаннан түскен қаражат Болат Өтемұратовқа Verny Capital инвестициялық тобын құруға негіз болды. Бұл компания әртүрлі салаларға, яғни қаржыдан бастап жылжымайтын мүлікке дейін инвестиция салды.
Verny Capital арқылы ForteBank-ке иелік етеді, сондай-ақ Алматы мен Астанадағы девелоперлік жобаларды, The Ritz-Carlton Astana және The Carlton, Moscow сияқты қонақүй активтерін жүзеге асырады. Топ ұзақ уақыт бойы RG Gold алтын өндіруші компаниясында, Burger King Kazakhstan франшизасында, сондай-ақ KaR-Tel (Beeline Қазақстан) мен SkyMobile (Beeline Қырғызстан) телекоммуникациялық операторларында үлестерге иелік етті. Бұл активтердің бір бөлігі 2024–2025 жылдары сатылғанымен, олардың топтың дамуы мен өсуінде маңызды рөл атқарғаны атап өтіледі.

Бүгінде Verny Capital Қазақстандағы ең ірі инвестициялық компаниялардың бірі және Болат Өтемұратовтың негізгі бизнес құралы болып отыр.
Сондай-ақ биыл қыркүйек айында Home Credit Bank ресми түрде Болат Өтемұратовтың ForteBank-іне сатылды. ForteBank Home Credit Bank акцияларының 26,8%-ын сатып алды. Осы үлесі үшін Өтемұратов банкі 46,2 млрд теңге төледі.

Өтемұратовтың теннистегі ықпалы
2007 жылдан бері Болат Өтемұратов Қазақстанның теннис федерациясын басқарады. Оның жетекшілігімен елде ондаған арнайы орталықтар салынып жаңартылды Ал теннис корттарының жалпы саны үш жүзден асты.

2019 жылы Өтемұратов Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті болып сайланып, оның басқарма құрамына кірді. Бұл Қазақстанға әлемдік теннисті дамытуға әсер етуге және ұлттық мүдделерді жаһандық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік берді.
Әлеуметтік және қайырымдылық істері
2014 жылы «Болат Өтемұратов қоры» құрылып, білім, денсаулық сақтау салалары мен төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге көмек көрсету бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Су тасқыны, Арыстағы жарылыс сынды апатты оқиғалар кезінде Өтемұратов қоры ауқымды қаржы бөлген.
«Асыл Мирас» орталықтары. 2015 жылдан бері аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға арналған оннан астам орталық ашылып, тегін диагностика мен терапия ұсынылады.
Қосшыдағы көпбейінді орталық. 2025 жылы елдегі алғашқы қоғамдық орталық ашылды. Онда кітапхана, спорт залдары және мәдени кеңістіктер бар.
Білім беру. Өтемұратов Narxoz университетінің дамуына инвестиция салды, сондай-ақ британдық білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейтін Haileybury Almaty мен Haileybury Astana мектептерінің негізін қалаушылардың бірі.