Жаңалықтар

Астанада 200-ге жуық үй сүріледі: үйлердің тізімі жарияланды

Фото: shutterstock.com

Астанада 2029 жылдың соңына дейін 200-ге жуық тозығы жеткен және апатты үйлер сүріледі. Ол үшін қалалық әкімдік 3700-ден аса пәтердің тұрғындарын көшіруі қажет.

Қандай үйлер сүріледі

Krisha.kz мәліметінше, бағдарламаға тозу деңгейі 60%-дан асатын үйлер кіреді.

Олар:

  • кеңестік кезеңде салынған екі қабатты үйлер;
  • жатақханалар;
  • 1940–1989 жылдары салынған, апатты деп танылған үйлер.

Апатты үйлердің басым бөлігі Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарында орналасқан.

Тұрғындар қайда көшіріледі


Астанада реновация бағдарламасы аясында тұрғындарға «шаршы метрге шаршы метр» қағидасымен жаңа пәтер беріледі:

  • жаңа пәтердің ауданы бұрынғы баспанамен бірдей болады;
  • бөлмелер саны өзгеруі мүмкін, бірақ жалпы алаңы тең немесе үлкен болуы шарт;
  • бұрынғыдан кіші пәтер беруге заң жүзінде рұқсат жоқ.

Көшіру үшін әкімдік жаңа үйлерден пәтерлерді конкурс арқылы сатып алады. Барлық пәтерлер таза әрлеумен беріледі.

Айта кетейік 2025 жылы жаңа пәтерлер сатып алуға 25 млрд теңге бөлінген (шамамен 1500 пәтер).

Тұрғындар көшкеннен кейін ескі үй сүріледі. Жер телімі қала меншігіне өтеді және бас жоспарға сәйкес пайдаланылады: жол, мектеп, жаңа тұрғын үй кешені немесе инфрақұрылым нысандарын салуға беріледі.

2029 жылға дейінгі көшіру кестесі:
Бес жыл ішінде 180-нен астам апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланған:

  • 2025 жыл — 22 үй, 787 пәтер;
  • 2026 жыл — 25 үй, 675 пәтер;
  • 2027 жыл — 29 үй, 745 пәтер;
  • 2028 жыл — 32 үй, 765 пәтер;
  • 2029 жыл — 74 үй, 783 пәтер.

Тізім жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отыруы мүмкін.

2026 жылы реновация бағдарламасы аясында 675 пәтері бар 25 апатты үй сүріледі.
Алдағы төрт жыл ішінде С. Сейфуллин, Ә.Молдағұлова, Кенесары, Ж.Досмұхамедұлы, Ы.Алтынсарин, Абай даңғылы, Сеченова, Дүкенұлы сынды көшелердегі бірқатар үйлер сүріледі.