Бұдан бірнеше онжылдық бұрын дәрігер мамандығы – қоғамдағы ең құрметті, ең жоғары бағаланатын қызметтердің бірі еді. Ақ халат киген жанға науқас толық сеніп, тағайындалған емді талқысыз орындайтын. Бүгінде бұл көзқарас айтарлықтай өзгерді. Asmed клиникалар желісінің негізін қалаушы Раушан Жақсыбай қазіргі ахуалдың неге күрделі екенін түсіндірді.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы дәрігер мәртебесін қалай сипаттауға болады?
Раушан Жақсыбай қазіргі жағдайды «тіпті жан ауыртатын деңгейге жетті» деп бағалайды.
«Бүгінде қоғамда дәрігердің статусы үлкен әріппен жазылатын Доктор емес, қызмет көрсетуші персонал деңгейіне дейін төмендетілді», дейді ол.
Бұл жүйенің қай сатысында жұмыс істейтініне қарамастан, барлық медицина қызметкерлерін мазалайтын үлкен проблема. Дәрігердің білімі, тәжірибесі, клиникалық ойлауы мен кәсіби беделі төмен бағаланған сайын, маманның өзіне деген құрметі де кемиді.
Медицинаға көбіне жүрегімен келетіндер барады: бала кезінен жақын адамдардың ауыр дертімен бетпе-бет келген, өзгеге қамқор болуға ішкі қажеттілігі бар, «құтқарушы» болуды қалайтын адамдар. Олар 8–10 жыл бойы күндіз-түні оқудан, күрделі практикалық тапсырмалардан өтеді. Себебі медицина тек кітаппен меңгерілетін білім емес, дағдыға негізделген ғылым.
Дәрігер мамандығына жан-тәнімен берілген адам өзін қызметші емес, қоғамның денсаулығын сақтаушы тұлға ретінде сезінгісі келеді. Егер қоғам дәрігерді құрметтесе, өз ісіне одан әрі беріледі, жан-жүрегімен емдейді, мамандыққа деген сүйіспеншілігі артады.
Құрметтің кемуіне әсер ететін негізгі факторлар
Спикер атап өткен бірнеше басты себеп бар:
1. Төмен жалақы: Бұл мемлекеттің дәрігер еңбегін материалдық бағалауы. Жалақы төмен болса, маманның өзіне деген сенімі де төмендейді.
2. Пациенттердің агрессиясы мен қақтығыстардың көбеюі: Соңғы жылдары дәрігерлерге тіл тигізу, қорқыту, тіпті қол жұмсау жағдайлары жиілеген. Көпшілік медициналық қызметкерлерді қызметші ретінде көреді.
3. Мамандықтан кетушілер санының артуы: Жұмыс жағдайы, қауіпсіздік тәуекелі, пациенттердің дөрекілігі бәрі де дәрігерлердің эмоционалды мотивациясын жояды.
Дәрігерге деген сенім халық денсаулығына қалай әсер етеді?
Дәрігерге деген сенім азайса, оның салдары өте ауыр болады:
созылмалы аурулар саны артады; вакциноұсталатын инфекциялар бойынша ауыр асқынулар көбеюі мүмкін, нәресте өлімі жоғарылауы ықтимал, өмір сүру ұзақтығы қысқарады, медицина жүйесіне түсетін жүктеме бірнеше есе өседі.
«Қоғам дәрігерді қаншалық құрметтесе — ұлт соншалықты сау болады», – дейді Р. Жақсыбай.
Мамандықтың беделі төмендесе, нейрохирургия, микрохирургия сияқты жоғары технологиялы салаларға баруға да ынталылар азаяды. Көп жылдық тұрақты оқуды, тәжірибені, шетелдік стажировкаларды ешкім құрмет көрмейтін кәсіп үшін таңдауға құлықсыз.
Медициналық сауаттылықты мектептен бастап үйрету керек пе?
Иә, бұл стратегиялық маңызды мәселе. Алдын алу емдеуден әлдеқайда тиімді және арзан. Сондықтан мектеп бағдарламасына келесі білімдерді енгізген жөн:
дұрыс тамақтану,
жеке гигиена,
қауіпті симптомдарды тану,
өзін-өзі тексеру дағдылары.
Білімді адам интернеттегі жалған диагноздарға сенбейді, «көршіден кеңес» алмайды. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған адам дәрігер еңбегін де бағалайды.
Тағайындауды орындамайтын немесе халық емін қолданатын пациенттермен дәрігер не істеуі керек?
Бүгінгі жүйе ауруды емдеуге бағытталған, бірақ пациентпен жеке жұмысқа уақыт бөлінбейді. Психоэмоционалды қолдау, сенім қалыптастыру, түсіндіру нормативте қарастырылмаған. Сол себепті дәрігерге 5–10 минут жеткіліксіз. Егер жүйе пациенттің қарсылығымен жұмыс істеуге ресурстар бөлсе, жыл сайын дәрігердің сөзін елемейтіндердің саны азаяр еді.
Жасанды интеллект дамуы дәрігер беделіне қалай әсер етеді?
Қазір қоғамда «анализді ИИ-ге жүктесем, диагноз дайын» деген иллюзия бар.
Бірақ бұл қауіпті үрдіс. 2–3 жылдан кейін оның зардабын көреміз: өздігінен диагноз қойып, «гуглмен емделген» науқастар саны артып, ауру асқынған кезде ғана дәрігерге келеді. Ал медицина — тек цифрлық дерек емес. Дәрігердің бір қарағаннан-ақ адамның күйзелісін, ауырсынуын, эмоциясын түсіну қабілетін ешбір алгоритм алмастыра алмайды. Клиникалық қарау – тыңдау, пальпация, мимикасын байқау аппаратсыз диагноз қоюға жол ашады. Бұл артықшылық тек адамға тән.
Рецептсіз дәрілердің сатылуы дәрігер беделіне әсер ете ме?
Иә, және өте қатты әсер етеді. Қазақстанда рецептпен берілетін препараттарды емін-еркін сатып алуға болады. Ал көптеген адамдар дәрігерге бармай-ақ, фармацевтің кеңесімен антибиотик немесе ауырсынуды басатын дәрі алады.
Раушан Жақсыбай бұл мәселеде біржақты пікірде: «Рецептсіз дәрі сатуды қатаң шектеу керек».
Фармацевт адамның ауырсыну себебін анықтай алмайды. Бүгін басылған ауырсыну ертең үш есе күшейіп, асқынған күйде дәрігерге жетеді. Сондықтан рецепт талаптары күшейсе, пациенттің өз денсаулығына деген құрметі де, дәрігердің кәсіби беделі де өседі.
Дәрігер мәртебесін көтеру үшін не істеу қажет?
Раушан Жақсыбай үш негізгі бағытты атап өтті:
1. Мемлекет тарапынан қорғау және жоғары жалақы: қауіпсіз еңбек жағдайын жасау,
медицина қызметкерлеріне қарсы агрессияны қатаң жазалау.
2. Кәсіптің беделін арттыру: ақпараттық кампаниялар, жүйе ішіндегі өзара құрмет мәдениетін дамыту, медицина қызметкерлерінің рөлін көтеретін IT құралдарын пайдалану.
3. Пациенттің құрметі: Қоғам дәрігерге тұлға ретінде қараса, оның еңбегін мойындаса. аз жалақыға да жанын салып жұмыс істеуге дайын.
Дәрігер – кез келген қоғамның денсаулығын сақтаушы басты тұлға. Оған деген құрмет пен сенім төмендеген сайын, елдің денсаулығы, ғылымның дамуы, медицинадағы инновациялар да бәсеңдейді.