Автокөлік бағалары төмендеді: «қара жұманың» ықпалы ма, әлде нарықтық өзгеріс пе?

Жарияланды
Ең үздік отбасылық автокөлік тізімі жарияланды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Автокөлік бағалары тағы арзандай ма? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстанда бірнеше ірі бренд бір уақытта жеңілдіктер жариялап, нарықта ерекше динамика байқалды. Changan, Chery, Haval модельдері арзандады, Hyundai мен KIA танымал әрі қашан да сұранысқа ие моделдеріне 3 млн теңгеге дейін бұрынғыдан тиімдірек баға ұсынып, «7-20»25» сынды тартымды несиелік бағдарламаларды іске қосты.

Жаппай жеңілдіктерге не себеп?

Бұл құбылыс елдегі сұраныстың өзгеруімен тікелей байланысты. Қазақстанның Автокөлік Одағы (ҚАО) мәліметінше, 2025 жылдың қазан айында ресми дилерлер 20 205 жаңа автомобиль сатқан, бұл қыркүйекпен салыстырғанда 10,1% көп, бірақ өткен жылдың қазанымен салыстырғанда 6% төмен. Сатылымдағы мұндай құбылмалылық дилерлерді нарықты жандандыру үшін агрессивті маркетинг пен қомақты жеңілдіктерге баруға итермелеуде.

ҚАО президенті Анар Мақашева да бұл тенденцияны растап отыр. 

«Қазан тиімді ұсыныстар мен маусымдық жеңілдіктер айы екенін қайта дәлелдеді. Дилерлер жаңа қаржылық өнімдер ұсынды. Әсіресе Қазақстанда жаңадан құрастырыла бастаған брендтердің үлесі айтарлықтай артты», – деп атап өтті Анар Мақашева. 

Демек, қазіргі жеңілдіктер жай ғана акция емес, нарықтағы нақты әрі ауқымды өзгерістердің нәтижесі болып отыр. 

Зауыт іске қосылды, нәтижесінде бағалар төмендеді

Changan, Chery және Haval бағасының түсінуінің негізгі себебі – Қазақстанда толық циклді өндірістің іске қосылуы. Алматы маңындағы жаңа зауытта шағын бөлшекті жинақтау жолға қойылып, логистикалық және кедендік шығындар азайды. Бұл өндірушілерге модельдер бағасын 7-19,5% аралығында төмендетуге мүмкіндік берді.

Бұл уақытша маркетинг емес – ұзақ мерзімді тренд. ҚАО дерегі де мұны растайды: модельдерін енді ғана Қазақстанда шығара бастаған брендтердің үлесі айтарлықтай өсіп жатыр. Мысалы, қазан айында Changan сатылымы 136,7%-ға, ал Jetour 41,5%-ға өскен.

Бұл көрсеткіштер жергілікті өндірістің нарықтағы позицияны күшейтіп жатқанын дәлелдейді.

Қытай бәсекесі күшейді, танымал корей брендтері де бағаны түсірді

Соңғы екі жылда Chery Tiggo 7/8 Pro, Changan CS55, Haval Jolion Қазақстандағы ең танымал кроссоверлер тізіміне кірді. Тиімді баға, бай комплектация және кепілдік пакеттері тұтынушының таңдауын айтарлықтай өзгертті.

Нарықтағы осындай жоғары бәсекелестік Hyundai-ды да әрекет етуге мәжбүр етті. Мәселен, танымал корейлік өндіруші Tucson сынды танымал модельдеріне 1-2 млн теңгеге дейін жеңілдіктер ұсына бастады. Бұл жай ғана акция емес, нарық ережесінің өзгергенін көрсетеді.

ҚАО статистикасы бойынша 2025 жылдың қазанында Hyundai нарық көшбасшысы болды. Бренд 4 264 көлік сатты (өткен жылмен салыстырғанда +44,6%). Tucson да ең көп сатылған модельдердің үштігіне енді.

KIA жеңілдіктері және арнайы несие: сауданы қайта жадандырған бағдарлама

KIA-да жаппай сатылым науқанынан қалыс қалмақ емес. Мәселен, Sportage сынды танымал кроссоверінің базалық нұсқасына 3 млн теңгеден аса жеңілдік жариялаған. Бұған қоса «7-20-25» несие бағдарламасы күздің ең маңызды тосынсыйларының бірі болды. Бастапқы жарнаның төмендігі мен төлем жүктемесінің қолайлы болуы сатып алушылардың назарын бірден аударды.

ҚАО дерегі бойынша, қазан айында KIA 1 901 көлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,2% төмен болғанымен, жаңа қаржылық өнімдердің арқасында бренд позициясын нығайтуға тырысуда.

Бұл уақытша құбылыс па, әлде көлік бағасы бұдан кейін де арзандай ма?

Автонарықтағы жеңілдіктер тек маусымдық флэш-акция емес. Оның үш нақты себебі бар:

Біріншісі, Қазақстанда автокөлік құрастыру қарқыны артып келеді – бұл бағалардың тұрақты төмендеуіне алып келеді.

Екіншісі, Қытай брендтері нарықтағы тепе-теңдікті өзгертті, ұсынысты арттырды. Соның арқасында бәсекелестік күшейіп, бұрынғы «баға үстемдігі» кезеңі аяқталды.

Үшіншісі, сұраныстың азаюы. ҚАО дерегінше, қазан айында көрсеткіштер өскен. Алайда мұның себебі нарықтағы тұтынушылық несиенің артуы болуы мүмкін. 2025 жылдың он айында Қазақстанда 181 789 жаңа автомобиль сатылды – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6% өсім. Бірақ өсімнің негізгі қозғаушы күші – жаңа қаржылық құралдар мен жеңілдіктер.

Бұл «қара жұма» емес, жүйелі өзгеріс

Changan, Chery, Haval, Hyundai және KIA жеңілдіктері автонарықтағы жаңа дәуірдің басталғанының айқын белгісі. Себебі өндірушілер жылды жоғары нәтижемен қорытындылап, биыл өндірілген барлық көліктерін сатып үлгеруге тырысады. Осылайша бәсекелестік күшейеді. Бұған қоса жергілікті өндіріс ұлғайды, қаржылық құралдар өзгерді. Енді бұрынғыдай бағаларды еркін көтеру кезеңі болмауы да ықтимал.

Сарапшылар пайымынша Қазақстан автонарығы алғаш рет ұзақ мерзімді баға бәсекесіне қадам басқандай. Ал бұл тұтынушы үшін тиімді кезеңнің басталғанын білдіреді.

Айта кететіні, бұған дейін Қытай нарығында ең сапалы деп танылған автокөлік маркалары белгілі болған. Көш бастаған темір тұлпарлардың қатарында жергілікті брендтермен қатар еуропалық автолар да кездеседі.  

Сондай-ақ оқыңыз