Шахматтан әлем чемпионаты: Қазақстан Үндістанды жеңіп жартылай финалға шықты

Испанияда өтіп жатқан шахматтан әлемдік командалық чемпионаттың ширек финалында Қазақстан – Үндістан кездесуі жеңімпазды анықтау үшін тай-брейкке дейін жетті. Қосымша блиц-партияларда қыздар қарсыластарын тізе бүктірді.
Алғашқы матчта (регламент бойынша плей-офф кезеңінде екі матч өткізіледі) қазақстандықтардың айқын басымдығы байқалған еді. Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева және Елназ Калиахмет бірінші тақтадағы Бибисара Асаубаеваның жеңілісін артығымен өтеп, жалпы есепте 3:1 нәтижесін тіркеді.
Екінші матчта команда капитаны Павел Коцур Асаубаеваның орнына Камалиденованы шығарды. Меруерт қара фигурамен Үндістан құрамасының лидері Рут Падминимен тең түсті. Алайда Балабаева мен Лия Курманғалиева өз партияларында жеңіліп қалды. Төртінші тақтадағы 15 жастағы Калиахметтің кезекті жеңісі де жағдайды түзей алмады есеп 1,5:2,5 болды.
Осылайша, матчтар сериясы 1:1 болып теңесіп, жеңімпаз тай-брейкте, блицте анықталды. Қазақстан құрамасының лидері Асаубаева тағы да жеңіске жете алмады. Бибісара Линаресте өз ойынын таба алмай жүр. Төрт мүмкіндіктен 1,5 ұпай жинауы көңіл толтырмайтын нәтиже. Ал Камалиденова мен Балабаева турнир басталғалы команда қоржынына 5,5 ұпайдан салса, Калиахметтің еншісінде 5 ұпай бар.
Жартылай финалда біздің қыздар Әзербайжан құрамасымен қайта кездеседі. Олар күтпеген жерден әлемнің соңғы чемпиондары Грузия құрамасын жарыс жолынан шығарды. Айта кетерлігі, әзербайжандықтар тай-брейкке дейін жеткізбей, 1,5:0,5 есебімен басым түсті. Топтық кезеңде біздің вице-чемпиондар болашақ қарсыластарын 2,5:1,5 есебімен ұтқан болатын.