Таразда заманауи футбол академиясының құрылысы басталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: ҚФФ

Тараз қаласында жаңа заман талабына сай футбол академиясының іргетасы қаланды. Бұл туралы футбол федерациясы хабарлады. Жоба ҚФФ, Жамбыл облысы әкімдігі және Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін Halyk қоры арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.

22 қарашада өткен іргетасын қалау рәсіміне ҚФФ бас хатшысы Давид Лория, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов, сондай-ақ өңірдің спорт ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Жаңа академияда еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 100 дарынды жас футболшы білім алады. Инфрақұрылым FIFA және UEFA талаптарына сәйкес салынып, болашақ чемпиондардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына толық жағдай жасалмақ.

Академия салуға 3,5 млрд инвестиция салынады

Жобаны іске асыруға Halyk қоры 3,5 млрд теңге инвестиция құяды. Қаржы нысанды жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, спорттық жабдықтар, инвентарь және жиһаздар сатып алу да осы қаражат есебінен іске асырылады.

Жобаны үйлесімді орындау үшін тараптар ортақ жол картасын әзірлейді. Академияның жобалық шешімдері мен техникалық-экономикалық негіздемелері ҚФФ дайындаған техникалық тапсырмаға сәйкес жүргізіледі.

Жаңа нысан Жамбыл облысындағы балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға тың серпін береді. Жергілікті жастарға кәсіби футболға жол ашып, өңірдің жалпы спорттық әлеуетін күшейтуге ықпал етпек.

Футбол орталығының құрамына ойыншыларға арналған заманауи жатақхана, оқу сыныптары, медициналық бөлім, әкімшілік блок, сондай-ақ жабық және ашық бірнеше жаттығу алаңы енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тимур Турлов Қарағандыдағы футбол академиясының құрылысына 12 млрд теңге бөлетінін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз