Түркістан облысында аутизммен ауыратын бала саны 5 есе өскен

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock.com

Соңғы 5 жылда Түркістан облысында аутизм диагнозы қойылған бала саны 5 есеге артқан. Дәрігерлер бұл ойланатын жағдай екенін айтып отыр. Әсіресе, Түркістан және Кентау қаласында тіркелген бала саны көбейген. Мамандар әлі де баласының диагнозын қабылдай алмай, тіркеуге қоймай жүрген ата-аналар барын айтады.

8 жаста болғанымен, 2 жасар бала сияқты

Бексұлтанның (аты-жөні өзгертілді) жасы 8-де. Анасының айтуынша, әлі күнге сөйлей алмайды. Өзімен-өзі ойнайды. Санай алмайды, түстерді ажыратуды білмейді. Тіпті айтқан сөзді ұмытып, сол мезетте қайталап айта алмайды. Қойған сұраққа жауап бермейді.

Анасы Бексұлтанды психиатрға енді ғана әкелген. Баланың жайын білген соң, мектеп оны үйден оқытуға жіберген. Ассистент бөлген.

«Балам сөйлемейді. Алғашында тілі кеш шығып жатыр деп ойладық. Жылдан-жылға жағдай қиындай түсті. Қазір тіптен қиын. Өзі қатарлас балаларға қосылмайды. Баланың ұл не қыз екенін ажырата алмайды. Өзінің жасы нешеде екенін білмейді. Санды саусақпен де көрсетпейді. Тек басын шұлғап, ыңырсиды», – дейді анасы.

«Олар өте кеш дамиды»

Облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері, балалар психиатры Арайлым Ағманованың айтуынша, аутизм диагнозы қойылған балалар көбейіп барады. Мысалы, кейде бір күнде 10 баланың ата-анасы көмекке жүгінеді.

«Аутизмнің шығу себебі анықталмаған. Бұл жүктілік кезде ми дамуының бұзылуы, генетикалық, экологиялық фактордан болуы мүмкін. Кейде анасының инфекциялық аурумен ауыруы да баланың аутизмге шалдығуына алып келеді», – дейді психиатр.

Арайлым Ағманова баланың аутизммен ауыратынын туғаннан кейінгі 16-30 ай аралығында анықтауға болатынын айтады. Мысалы, осы аралықта баланың тілі шығып, сөйлеуі керек. Сөйлеу кешеуілдесе, алаңдауға негіз бар. Көбіне, әсіресе, ауыл-аймақта баланың сөйлеуін күтіп, уақыт өткізіп алады.

«Баланың тілі шықпаса не кемістігі болса, көзге тік қарамаса, бір орында тұрмай, тынымсыз болса, атын атап шақырғанда бұрылып қарамаса жергілікті педиатрға не невропатологқа алып барып, кеңес алу керек. Олар ата-ананың баланың жүріс-тұрысы, мінез-құлқынан не көретіні туралы тест алады. Сұрақтар қойылып, жауаптар алынады. Аутизмге тән белгілер болған жағдайда, мамандарға жолдама береді»,  – дейді дәрігер.

437 балаға аутизм диагнозы қойылған

Маман аутизмнің емі болмағанымен, баланы қоғамға бейімдеуге үміт бар екенін, мамандарға уақытылы жүгініп, ем алса түзеуге болатынын айтады.

«Бұл балалардың сөйлеуі ғана тежелмейді. Дәретке отыруды білмейді. Үнемі жөргекте жүреді. Түсіндіргенмен ұқпайды. Қорқу дегенді білмейді. Өкініштісі, соңғы бес жылда облыста аутизммен ауырған бала саны 5 есе көбейді. Мысалы, 2020 жылы 88 бала аутизммен ауырған. Қазір олардың саны 437-ге жетті», – дейді Арайлым Ағманова.

Ресми мәлімет бойынша, Түркістан және Кентау қаласында аутизм диагнозы қойылған бала өте көп. Одан кейінгі орында Түлкібас және Ордабасы ауданы тұр.

Бір Түркістан облысы емес, жалпы Қазақстанда аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) диагнозы қойылған бала саны көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша республикада дамуында ерекшелік бар 14,5 мың кәмелетке толмаған бала тіркелген. Бұл 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 17,8%-ға көп. 

Сондай-ақ оқыңыз