Toyota АҚШ-та жаңа батарея зауытын іске қосты

Жарияланды

Toyota нарықта жаңа қадам жасайды / Фото: shutterstock.com

Toyota АҚШ-тағы электромобильдер нарығына тың қарқын беретін маңызды қадам жасады. Компания Солтүстік Каролина штатындағы Либерти қаласына жақын орналасқан TBMNC (Toyota Battery Manufacturing, North Carolina) атты жаңа батарея зауытын ресми түрде іске қосты. Бұл – Жапониядан тыс жерде салынған Toyota-ның алғашқы аккумуляторлық кәсіпорны және АҚШ-тағы 11-ші зауыты.

13,9 млрд доллар инвестиция және жаңа стратегиялық вектор

TBMNC құрылысына Toyota 13,9 млрд доллар салған. Жапон алпауыты мұнымен тоқтап қалмай, алдағы бес жылда АҚШ-тағы бизнесті дамытуға қосымша 10 млрд доллар құятынын мәлімдеді. Осылайша, компанияның АҚШ-тағы жалпы инвестиция көлемі 60 млрд долларға жуықтайды.

Бұл шешім АҚШ-та Ford, General Motors және Stellantis сияқты ірі автоөндірушілер электромобиль жобаларын тежеп, бірнеше батарея зауыттарын уақытша тоқтатып жатқан кезеңде қабылданып отыр. Toyota керісінше, оптимистік стратегияны таңдады. Ал бұл стратегия гибридтерге негізделеді.

Гибридтер сұранысы Toyota-ның стратегиясын айқындады

Toyota электромобильдер жарысына асықпай, нарықтық сұранысқа қарап шешім қабылдауды таңдаған бірнеше өндірушінің бірі. Бұл тәсіл дәл бүгінгі жағдайда тиімді болып отыр.

2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында АҚШ-та:

  • Toyota және Lexus электрификацияланған модельдерінің 892 408 данасы сатылған (+25,7%)
  • Оның ішінде тек 17 603 – таза электромобильдер, ал қалғаны – гибридтер
  • Электрификацияланған автопарктің үлесі компанияның АҚШ-тағы жалпы сатылымының 42,5%-ын құрайды
  • bZ4X (жаңартылған атауы — Toyota bZ) және Lexus RZ секілді электромобильдердің сатылымы төмендесе де, гибридтер сатылымы керісінше қарқынды өсуде.

Жалпы сатылым мен сауда динамикасы да оң нәтиже көрсетуде:

  • Toyota — 595 301 автомобиль (+7,7%)
  • Lexus – 270 575 автомобиль (+9%) сатты.

Яғни Toyota-ның АҚШ-тағы сатылымының драйвері гибридтер болып отыр. Ал жаңа зауыт осы сегментті батареялармен қамтамасыз ететін негізгі хабқа айналады.

TBMNC – қуатты алып зауыт

Солтүстік Каролинадағы зауыттың алғашқы қуаты – жылына 30 ГВт/сағ, бірақ Toyota бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай арттыруды жоспарлап отыр. Зауыттың жалпы аумағы 7,5 шаршы шақырым, батареялар 14 өндірістік желіде жиналады.

Жоба аясында штатта 5100 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар қызметкерлер үшін:

  • жеке балабақша,
  • фитнес-орталық,
  • медициналық орталық салынған.

Бұл Toyota-ның ұзақ мерзімді жоспарларының айқын белгісі.

Саяси фактор және АҚШ-та өндірісті күшейту

Toyota-ның жаңа 10 млрд долларлық жоспары – Дональд Трамп әкімшілігі үшін де жағымды жаңалық. АҚШ-та автокомпоненттер мен көліктерді ел ішінде өндіруге бағытталған тарифтік саясат қатаңдағаннан кейін, көптеген автоалыптар жергілікті өндірісті күшейтуге мәжбүр болды.

Toyota бұл инвестициялардың белгілі бір бөлігі АҚШ-та құрастырылатын үш қатарлы жаңа электромобильдің өндірісін бастауға жұмсалатынын айтты. Бұл америкалық нарыққа арналған Toyota-ның алғашқы толыққанды электромобилі болмақ. Қазіргі bZ және Lexus RZ үлгілері АҚШ-қа Жапониядан әкелінеді.

Toyota неге электромобильдер өндіруге асықпайды?

Соңғы жылдары әлемдік автоөнеркәсіп электрлендіруді жеделдетуге тырысты. Бірақ сұраныс, инфрақұрылым және аккумулятор технологияларының дамуы күткен қарқыннан баяу жүріп жатыр. Ford пен GM-ның EV жобаларын тоқтатуы соның дәлелі.

Toyota болса, әрдайым гибридтерді «аралас кезеңнің ұзақ мерзімді шешімі» ретінде қарастырды және нарық дәл осы қадамның дұрыс болғанын көрсетіп отыр. Бүгінде компания электромобиль нарығынан емес, гибридтік технологиядан миллиардтаған доллар табуда.

Осылайша Солтүстік Каролинадағы жаңа TBMNC зауыты Toyota-ның жаһандық және америкалық стратегиясында шешуші орын алмақ.

Еске сала кетсек, жуырда ғана жапондық өндіруші Corolla-ның жаңартылған нұсқасын ресми түрде таныстырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз