Созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті – синоптектер ескерту жасады

«Қазгидромет» бүгін, 23 қарашада Алматы, Атырау және Шымкент қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болатынын ескертті. Ауа сапасы айтарлықтай нашарлайды, сондықтан тұрғындарға далада серуендеуді шектеуді ұсынды.
Мұндай күндер баяу жел екпіні, тұман немесе тынық күн мен температуралық инверсия болады, соның салдарынан ластаушы заттар ауа қабатының төменгі бөлігінде шоғырланады.
Қолайсыз метеожағдайлардың қаупі неде
Мұндай кезде зиянды қоспалардың концентрациясы артады, бұл әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Мұндай кезде ауа тезірек ластанып, улы бөлшектердің таралуы қиындай түседі.
Дәрігерлер мұндай күндері халдің нашарлауы, жиі кездесетін құбылыс екенін айтады.
Мамандар не ұсынады
Қала тұрғындарына мынадай кеңестер беріледі:
- далада жүру уақытын азайту;
- көлік қозғалысы тығыз аудандардан аулақ болу;
- астма, жүрек аурулары және аллергиясы бар адамдар қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүруі тиіс;
- мүмкіндік болса, далада маска киіп жүру және үйді қауіпсіз уақытта желдету ұсынылады.
Қолайсыз метеожағдайлар ауа райы жақсарғанға дейін сақталады.
Айта кетейік, бүгін, 23 қарашада елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Жалпы ел аумағында желдің екпіні күшейіп, тұман болжанып отыр.