Қазақстанда қызанақ, ет, қияр және банан бағасы қымбаттады

Қазан айында Қазақстанда қызанақ, фарш, сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, қияр, балық және банан өнімдерінің бағасы қымбаттап кетті. Осы азық-түлік өнімдері азық-түлік инфляциясының өсуіне ең көп әсер етті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен баға тұрақтандыру жөніндегі кеңесте хабарланды.
Жиында азық-түлік себетінің алдын ала талдауы және әлеуметтік маңызды тауарлар тізімін кеңейту мүмкіндіктері ұсынылды.
Үкімет дерегіне сәйкес, қарашаның үшінші аптасында алғашқы қажетті тауарлар бағасы өспеген. Сондай-ақ жылдық көрсеткіш бойынша қызанақ бағасы 36,6%-ға, ал қияр 43,4%-ға арзандаған.
«Барлық өңірдің азық-түлік инфляциясына қатысты талдауы нәтижесінде баға өсіміне ең көп ықпал етіп отырған, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмейтін 30 тауар анықталды. Олардың ішінде түрлі ет, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, суықтай қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұл өнімдердің арасында импорт үлесі жоғары тауарлар да, көбіне айлық инфляцияға әсер етіп, жылдық инфляцияға айтарлықтай ықпал етпейтін позициялар да кездеседі. Осы тізімнің ішінен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізуге болатын 23 позиция іріктелді. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылау»,– деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Егер тізім кеңейсе, бизнеске қойылатын талапта күшейеді. Нақты айтқанда, ашық мәмілелер, келісімшарттар, шот-фактуралар, кассалық чек және сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс.
Серік Жұманғарин Сауда министрлігіне, қауымдастықтарға және «Атамекен» ҰКП-ға әр тауар бойынша кәсіпкерлермен кеңесіп, импорт құрылымын зерттеуді тапсырды. Шешімдер консультациялар аяқталған соң қабылданады.
Осыған дейін Серік Жұманғарин елде жаңа жыл алдында азық-түлік бағасы күрт қымбаттамайтынын айтқан болатын. Вице-премьердің айтуынша, өткен жылы да мереке алдындағы аптада баға айтарлықтай көтерілмеген, биыл да жағдай ұқсас болады деп күтіледі.