Орталық Азия елдері қысқы электр энергиясы мен су ресурстарын бөлісуге келісті

Алматыда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының отырысы өтті. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, сондай-ақ Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Алмаз Жээналиев қатысты.
Қандай келісім болды
Тараптар Тоқтоғұл су қоймасындағы күрделі гидрологиялық жағдайды ескере отырып, алдағы ынтымақтастықтың негізгі параметрлерін келісті. Кездесу қатысушылары бір-біріне электр энергиясымен өзара көмек көрсетуге және жылыту маусымын өткізу мен көктемгі егін егу кезеңіне дайындықты үйлестіруге уағдаласты.
Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанды күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясымен қамтамасыз етуге дайын екенін растады. Бұл қыста қырғыз ГЭС-теріндегі жүктемені азайтып, Тоқтоғұл су қоймасында су жинауға мүмкіндік береді. Жазда жиналған су көлемі Қазақстан мен Өзбекстанға ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты суаруға бағытталады.
Сондай-ақ тараптар өңірде энергия тұтынуды азайту және энергия үнемдеуді дамыту шараларын бірлесіп ілгерілетуге келісті.
Өзбекстан тарапы энергияны тасымалдау, жеткізу және теңгерімдеуге қажетті техникалық жағдайларды қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинау параметрлері мен қысқы кезеңдегі электр энергиясын жеткізу көлемдерін бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойылды.
Келіссөздерге қатысушылар бұл ынтымақтастықтың көршілік рухта жүргізіліп жатқанын және бүкіл Орталық Азиядағы су-энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстан Өзбекстаннан 900 млн кВт-сағ көлемінде электр энергиясын сатып алады.