Жаңалықтар

Трамп АҚШ-тың Украинаға қатысты ұсынған жоспарын «түпкілікті ұсыныс емес» деп атады

Фото: V_Zelenskiy_official телеграм арнасынан

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон ұсынған Украина бойынша жоспарды түпкілікті ұсыныс емес деп атады.Ол АҚШ-тың басты мақсаты – бейбітшілікке қол жеткізу екенін мәлімдеді.

«Мен бейбітшілікке қол жеткізгім келеді. Біз мұны тоқтатуға тырысып жатырмыз. Қалай болғанда да, біз бұған нүкте қоюымыз керек»,– деді Трамп.

Журналистер Трамптан Украина президенті Владимир Зеленский келісімнен бас тартса, АҚШ қандай ұстанымда болатынын сұрады.

«Онда ол бар күшін салып соғыса берсін», – деп жауап берді АҚШ президенті.

Сонымен қатар, АҚШ шенеуніктері Солтүстік Атлантикалық альянс бойынша одақтастарына егер Украина алдағы күндері қақтығысты реттеу жөніндегі АҚШ ұсынған жоспарға қол қоюдан бас тартса, Вашингтон Киев үшін келісім шарттарын қатаңдата түсетінін мәлімдеді.

«Идеал келісім болмайды, бірақ оны мүмкіндігінше тезірек жасау керек», – деді АҚШ армиясының министрі Дэн Дрисколл.

Еуропа көшбасшылары не дейді

Осы уақытта Оңтүстік Африкада өткен G20 саммитінде еуропалық көшбасшылар құжатты қарап, америкалық бастамаға елеулі түзетулер қажет екенін мәлімдеді.

«Біз шекаралар күшпен өзгертілмеуі керек деген қағидатты берік ұстанамыз. Сондай-ақ Украина қарулы күштеріне қатысты ұсынылған шектеулер алаңдатады, өйткені бұл елді болашақ шабуылдарға осал етуі мүмкін», – деп атап өтті Еуропа елдері, Канада және Жапония басшылары бірлескен мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, AFP агенттігінің хабарлауынша, жаңа бейбіт жоспар бойынша келіссөздер 23 қараша күні Женевада кеңейтілген құрамда өтпек. Оған Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері қатысады.

Еске салайық, Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың бейбітшілік жоспарын АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылаудан бұрын Украина халқына үндеу жасады. Зеленскийдің бейне хабарламасы Украина президенті кеңсесінің әлеуметтік желідегі парақшаларында пайда болды.

Ал Владимир Путин АҚШ-тың бейбіт жоспарын алған, бірақ оны Трамппен талқыламаған.