Абай облысында 6,8 млрд теңге тартқан «ELL QUATY» қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Пирамидаға 1,5 мыңнан аса салымшы тартылған / фото: Kursiv.Media мұрағаты
Пирамидаға 1,5 мыңнан аса салымшы тартылған / фото: Kursiv.Media мұрағаты

Қаржылық мониторинг агенттігінің  Абай облысы бойынша департаменті тағы бір қаржы пирамидасын тоқтатты.

Бұл ұйым тұтыну кооперативі түрінде жасырылған – «ELL QUATY» қаржы пирамидасы.

ҚМА ақпаратынша, ұйымдастырушылар азаматтарды «HALYK QUATY» кооперативіне мүше болуға шақырып, тұрғын үй мен автокөліктерді пайызсыз бөліп төлеу арқылы алуға болады деп сендірген. Пайлық жарналарды енгізуді ұсынған.

«halykquaty.kz сайты және әлеуметтік желілер арқылы өз қызметін жарнамалап, «Әр отбасыға бақыт!» деген ұранды пайдаланып, «халықтық кооператив» деген жалған бейне қалыптастырған», –деліген хабарламада.

«HALYK» тауарлық белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін кооператив атауы «ELL QUATY» болып өзгертілген.

Жаңа салымшыларды тарту үшін басшылық түрлі маркетингтік акциялар өткізген. Соның ішінде «Солнечная Турция» туристік жолдамаларын ұтысқа қойған.

Қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру мақсатында ұйымдастырушы өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеген. Онда кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерге төлем ретінде көрсетіп, салымшылардан түскен қаражатты шығарған. Алайда бұл қызметтер іс жүзінде көрсетілмеген.

 Нәтижесінде пирамидаға 1,5 мыңнан аса салымшы тартылып, олар жалпы 6,8 млрд теңге қаржы құйған.

 Ұйымдастырушы қамауға алынды.

Тергеу жалғасуда.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Ал Қарағанды облысында «Үміт Самғау» қаржы пирамидасына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз