Ақтаулық жасөспірім әзілдеп өзін террорист деп атаған

Ақтаудан келген жасөспірім «Ислам бостандығы» деструктивті тобының мүшесімін деп әзілдеді. Егер оның нөміріне 78 млн теңге аударылмаса, сауда орталығы жарылып кететіні туралы хабарлама жазған.
«Сәлеметсіз бе! Сізді «Ислам бостандығы» тобы мазалайды. Алдағы террористік акт туралы хабарлап, өз талабымды қойғым келеді. Дәл қазір Ақтаудың 38 шағынауданындағы 8 үйде 4-подьездің пәтерлеріне салмағы 34 кг болатын «актоген бомбасы» қойылған. Сізде барлық тұрғынды эвакуациялауға тура бір сағат бар. Екіншіден, менің телефон нөміріме 78 млн теңге аударылсын. Ақшаны алушы, біздің халифат жауынгері (аты — жөні кәмелетке толмағанның деректері ретінде жария етілмейді)», – деді жасөспірім «1414» Telegram арнасына жіберген хабарламасында.
Жасөспірім ақша алмаса, жарылыс жасаймын деп қорқытқан.
«Тик-так, тик-так, жиһад уақыты», – деп жазды ол.
Маңғыстау облысының ПД жасөспірім жазған мекенжай Ақтаудағы сауда орталығы екенін хабарлады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде терроризм туралы көрінеу жалған хабар таратуға қатысы бар кәмелетке толмаған адам анықталып ұсталды», – делінген хабарламада.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау ауыр қылмыс және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Полиция қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге және қоғамға қауіп төндіретін жалған мәліметтерді таратпауға шақырды.