Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетінде қала бермекші

Кеше ғана Халықаралық бокс федерациясының президенті болып сайланған Геннадий Головкин елдегі ұлттық олимпиадалық комитетті басқаруын тоқтата ма? Tengrinews-ке берген сұхбатында ол осы жайлы пікірін айтты.
«Мен ҰОК-тен кететін ойым жоқ. Мұны бәрі түсінуі керек. Қазақстан – менің Отаным, мен отаным үшін күресемін. Бұл мен үшін – мәртебе. Елдің спорттық беделін көтеру үшін өз танымалдылығымды барынша пайдаланамын. Осымен бұл тақырыптың айналасында жүрген қауесеттің бәрі тоқтасын», – дейді спортшы
Головкин әрі қарай комитеттегі жұмысын жалғастырып, оны жаңа деңгейге шығармақшы.
«Өзім де комитеттен кеткім келмейді, оны жоспарлап та жүргенім жоқ. Алдыма өте үлкен мақсат қойғанмын. ХОК, серіктестердің сенімі мен қолдауының арқасында ол мақсаттар деңгейін тағы да жоғарылаттық. Өкілеттік мерзімі де, халықаралық рәсімдер де бар. Осы ретте өз орным мен мүмкіндіктерімді ескере отырып, мен еліміздің беделіне нұқсан келуіне жол бергім келмейді», – деді ол.
21 қарашада Геннадий Головкин World Boxing президенті болып сайланды. Головкин бұл орынға жалғыз үміткер болған еді.
Ал былтыр ол елдегі Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы атанған еді.