
Тұрғын үйді пайдалануға бергеннен кейін құрылыс компаниялары енді сапасына ең кемі бес жыл кепілдік беруі мүмкін. Бұл талқыланып жатқан Құрылыс кодексіне енгізілген.
Ал қазір құрылыс компаниялары екі жылға кепілдік береді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.
Айта кетейік, Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, адамдар жарақат алды. Оқиға орнына медициналық көмек көрсетуге барған фельдшер қаза тапты. Тұрғын үйдің салынғанына 20 жыл болған. БАҚ өкілдері маманнан бұрын салынған тұрғын үйлердің сапасына кім жауапты екенін, қандай өзгеріс енгізілетінін нақтылады.
Жүнісбековтің сөзінше, жобаны іске асыру жобалау, құрылыс және пайдалану кезеңінен тұрады.
«Жобалау кезеңінде кәсіби жауапкершілікті күшейту, соның ішінде сертификаттау түріндегі жауапкершілікті арттыру көзделген. Нысанды пайдалануға қабылдау кезінде сапасына баға беруі үшін мемлекеттік құрылыс инспекторының міндетті түрде қатысуын енгізіп отырмыз. Нысанды пайдалану кезеңінде де талаптардың қалай белгіленетінін айқындайтын механизмді әзірлеп жатырмыз.
Кепілдік мерзімдерін ұлғайту да қарастырылған. Бұрын ең төменгі кепілдік мерзімі 2 жыл болса, Құрылыс кодексінде 5 жыл және одан да жоғары болып белгіленеді», – дейді Жүнісбеков.
Ал фельдшер қайтыс болған тұрғын үй жиырма жылдан аса уақыт бұрын пайдалануға берілген.
«Нысан жағдайы мен ол жердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нысан иесі (балансодержатель) жауапты. Бұл тұрғын үй, қоғамдық ғимарат, коммерциялық нысандарға да қатысты. Яғни, дәл осы жағдайда мүлік иелері бірлестігі (ОСИ – ред.) жалпы нысанды, оның ішінде қоршау, қасбеттің қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге міндетті», – дейді ол.
Айта кетейік, қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуан Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марқұм «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.