Күйеуі атпен сүйреп өлтірді делінген Айзат Жұманованың мәйітіне эксгумация жасалды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Айзат Жұманованың ісі бойынша сот 27 қарашада басталады/фото әлеуметтік желіден алынды, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жетісу облысында күйеуі атпен сүйреп өлтірді делінген 32 жастағы Айзат Жұманованың ісі бойынша сот 27 қарашада басталады.

Оқиға 2025 жылдың шілдесінде Баласаз ауылында болған. Туысы Раушан Дәуренбекованың айтуынша, мәйітке эксгумация жасалды. Нәтижесінде күдіктіге тағылған айып «кісі өлтіру» бабына ауысқан.

Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру кісі өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша қозғалған.

«Мәйітке эксгумация жасауды сұрадық. Талдықорғандағы сот-медициналық сараптамаға көңіліміз толмады. Алматыға апардық. 58 күн жүріп, сараптама нәтижесінде іс аса қатыгездікпен кісі өлтіруге (қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі) ауысты», – дейді әйел.

«Атпен сүйреп өлтірді»

Бастапқыда Айзат Жұманованы күйеуі атпен сүйреп өлтіргені айтылды. Алайда сараптамада бұл болжам расталмаған.

«Бұл расталмады. Эксгумация жасалған кезде ағза шіри бастаған, сол себепті дәлелдей алмады. Терісінің бәрі сырылған. Атпен сүйремесе де, ұрып, өзі сүйреген. Тергеу ұрып-соғып, аса қатыгездікпен өлтірді дегенге тоқтап отыр. Бәрі қызғаныштан болған. Күйеуі істеген әрекетін әлі мойындамады», – дейді марқұмның туысы.

Айтуынша, Айзат ұрып-соғу, тепкі салдарынан қайтыс болған.

«Талдықорғанда денесіндегі көгерген іздердің қазасына қатысы жоқ деді. Эксгумация соққының бәрін 1-2 сағат ішінде алғанын көрсетті», – дейді Дәуренбекова.

«Үйде үшеуі ғана болған»

Қайғылы оқиға 1 жас 11 айлық қыздың көзінше болған.

«Бізде «баланың көзінше жасалған қылмыс» деген бап жоқ. Сол кезде үйде үшеуі ғана болған. Қыз қазір нағашы әжесінің қолында. Алматыдан психолог шақырып, қараттық. Қыздың жағдайы жақсы. Тілі шығып келе жатыр», – дейді марқұмның туысы.

Айтуынша, күдікті мен марқұм біраз уақыт кездесіп жүріп, отбасы құрған. Екеуінің бір қызы бар.

Бұған дейін Астанада «Алания» клубының күзетшілеріне сот үкімі шықты. Олар Азат Қабыкеновті соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылды.

Сондай-ақ оқыңыз