
Желіде жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа медициналық көмек көрсетпей, көшеде жатқан адамды тепкен видео тарады. Денсаулық сақтау министрлігі видеоға қатысты пікір білдірді.
Әлеуметтік желідегі видеода жедел жәрдем қызметкерлері далада жатқан ер адамды тебеді және қарап тұрады. Олардың қазақстандық мамандар екені айтылып жатыр.
«Роликке жүргізілген талдау видеодағы адамдардың қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері емес екенін көрсетті. Киімдерінде Қазақстандағы жедел медициналық көмек бригадалары үшін міндетті мемлекеттік және ведомстволық белгілер жоқ. Киімнің түс гаммасы мен үлгісі Қазақстанда қолданылатын бірыңғай стандартқа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді министрлік.
Тараған видеода автор көрген адамда жағымсыз эмоциялар тудыратын аудионы мақсатты түрде қолданған.
«Мұндай техникаларды қолдану аудиторияға эмоциялық қысымды арттыруға бағытталған манипуляция әдісінің бірі. Бұл роликтің ақпарат беру үшін емес, керісінше негативті күшейту және шұғыл қызметтерді дискредитациялау үшін жасалғанын растайды», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ бұл жағдайдың 2024 жылдың 11 наурызында Ресейдің Волгоград қаласында болғаны анықталған. Ресейдегі БАҚ-та видео тарап, кінәлілер жауапқа тартылған.
«Бұрын болған және тергелген істі Қазақстанның жедел жәрдем қызметімен байланыстыру азаматтарды әдейі жаңылыстыру үшін жасалған деп санаймыз», – деп мәлімдеді министрлік.
Видеоны таратқан адамдарды ақпаратты жариялау алдында дереккөзді тексеруге және медициналық қызметкерлерді қаралауға бағытталған материалдарды таратпауға шақырды.
Қазақстанда 8 қарашада Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлап, көмекке барған екі фельдшердің басына кондиционер құлаған. Жалпы 5 адам жарақат алды. Екі фельдшер ауыр жағдайда ауруханаға түскен. 18 қарашада Ұлдан Қалдырханқызы қайтыс болды.