Дүкендер тауар бағасын бөліп төлеу кезінде көтере ала ма

Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті кәсіпкерлердің бір тауарға екі түрлі баға қоюына қатысты пікір білдірді. Бұл қолма қол төлем жасау, бөліп төлеу не несиеге алу кезіндегі баға алшақтығына қатысты болып отыр.
Комитеттің мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашевтің айтуынша, егер сатушы бөліп төлеуді өз қаражаты есебінен ұсынса, бағаны қымбаттатуға құқығы жоқ. Сома қолма қол төлем кезіндегімен бірдей болуға тиіс.
«Егер бөліп төлеу банк арқылы рәсімделсе, қаржы ұйымының комиссиясы мен пайызына байланысты баға қымбат болуы мүмкін», – деді Тағашев.
Айтуынша, сатып алушыға бағаның көтерілетіні туралы алдын ала айтылуға тиіс. Сатушы ескертпеген жағдайда, азаматтар тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне шағымдана алады.
Ал кассадағы баға сөреде көрсетілген бағадан қымбат болса және сатып алушыға алдын ала ескертілмесе, бұл құқық бұзушылық деп есептеледі.
Бұған дейін мамандар акция немесе жеңілдікпен сатылған тауарды қайтаруға болатынын айтты.