
ҚР Ішкі істер министрлігінің комиссиясы Ақтауға аттанды. Олар Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы мен оның орынбасарлары ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптаған анонимді ұжымдық өтінішке қатысты тексеру жүргізбек, деп хабарлайды Lada.kz.
ҚР ІІМ комиссиясының келгені туралы өңірдің полиция баспасөз қызметі хабарлаған.
«Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов өз бастамасымен ІІМ-ге және тиісті органдарға интернетте анонимді хатта таратылған мәліметтерге тексеру жүргізуді сұрап хат жолдады. Ведомство басшысы процестің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін мәслихат пен жұртшылық өкілдерін де тексеруге тартуды ұсынды», – делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, 19 қарашада әлеуметтік желіде және WhatsApp мессенджерінде ұжымдық мәлімдеме таралған. Онда аймақтың бас полицейі мен оның орынбасарлары ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған.
Содан кейін құқық қорғау органдары ведомство басшысының қатысуымен ашылған қылмыстық топ туралы мәліметтерді де, басқа да мәлімделген мәліметтерді де жоққа шығарып, бәрін жалған деп атаған.