Lifestyle

Джеки Чан әйгілі фильмін түсіретін өңір белгілі болды

«Құдай сауыты: Ультиматум» фильмінің жалғасы Маңғыстауда түсіріледі / Фото: kursiv.media архиві

Джеки Чан әйгілі «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмінің келесі бөлімін Маңғыстау облысында түсіруі мүмкін.

Маңғыстау облысында әйгілі Джеки Чан қатысатын фильмнің түсіріліміне дайындық басталды. Жоба тобы Ақтауға келіп, қазірдің өзінде өңірдің қала көшелері мен табиғи локацияларын зерттей бастаған.

Бұл туралы Маңғыстау облысының туризм басқармасына сілтеме жасап жергілікті сайт Lada.kz хабарлайды.

«Құдай сауыты: Ультиматум» франшизасы 1986 жылы жарық көрді. Бұл Джеки Чан фильмографиясындағы ең айшықты жобалардың бірі ретінде бағаланды. Оның ондаған жыл өткен соң қайта оралуы әлемдегі миллиондаған жанкүйердің қызығушылығын оятып отыр. Ал Маңғыстаудың түсірілім орны ретінде таңдалуы – Қазақстан кино индустриясы үшін айрықша маңызды оқиға болуы ықтимал.

Түсірілім тобы келген күні Маңғыстау облысының әкімімен кездескен. Жиында түсірілім жұмыстарын өңірде ұйымдастыруға қатысты мәселелер мен қажетті қолдау тетіктері талқыланған.

Егер жоба түпкілікті мақұлданатын болса, Маңғыстау жаһандық кино тарихының бір бөлігіне айналмақ.

Айта кетейік, шетелдік туристер өңірдің көрікті жерлерінің сұлулығын талай мәрте атап өткен. Мәселен, әзербайжандық әнші әрі кәсіпкер Emin ел табиғатына тамсанып, «бұл көріністердің шынайы екеніне, ертегі емес екеніне сену қиын» деген болатын. Ал башқұрттың «Ay Yola» тобы «Yola» әніне арналған клиптің бір бөлігін Бозжыра шатқалында түсірген.

Еске сала кетейік, осыған дейін Джеки Чанның жаңа фильмін қазақстандық режиссер түсіретінін жазғанбыз. Сондай-ақ бұл фильмге белгілі қазақстандық актер, продюсер Рүстем Омаров түсетіні мәлім болды. Актер осы жобаға сценарист ретінде де қосылмақ.