Қазақстан Украинаның тағдырын қайталай ма? – СІМ ресми өкілі жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Айбек Смадияровтың пікірінше, «Қазақстан Украинаның тағдырын қайталайды» деген «бос әңгіме» / фото: gov.kz
Айбек Смадияровтың пікірінше, «Қазақстан Украинаның тағдырын қайталайды» деген «бос әңгіме» / фото: gov.kz

Кейбір сарапшылардың Қазақстан Украинаның тағдырын қайталауы мүмкін деген пікіріне СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Айбек Смадияровқа журналистер тарапынан қойылған осы сұрақтың өзі ұнамағаны байқалды.

«Украинаның қандай тағдыры? Неге біз оны қайталауымыз керек? Бірінші, екінші деп кім есептеп отыр? Ондай болжамдарды оқымаңыздар. Қазір интернетке кірсеңіз, неше түрлі сарапшылар көбейіп кетті», – деді ресми өкіл наразылығын жасырмай.

Оның айтуынша, Қазақстанның өзінің бірегей жолы бар. Украинаның тағдырын қайталайды деген «бос әңгіме».

«Өздеріңіз көріп жатырмыздар. Жақын арада – бір-екі апта бұрын Президентіміз Ресейге сапарлап қайтты. Екі ел арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейге көтерілді. Басқа не дәлел керек? Жеті жарым мың шақырым шекарамыз бар. Бұған алып-қосатын ештеңем жоқ. Сарапшыларға келсек, интернет болған соң, жаза береді. Жаза берсін», – деп түйіндеді Айбек Смадияров.

Мұның алдында Қазақстанның СІМ-і украин дрондарының Қазақстан аумағы арқылы ұшқаны, Ресейге соққы жасағаны туралы мәліметтерді жоққа шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз