Саясат бастаған жаңа саясат: ҰБТ жүйесінде не өзгереді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жиырма жылдан астам уақыт бойы мектеп бітірушілердің тағдырын айқындап келе жатыр. Әйтсе де, кейінгі жылдары бұл жүйеге қойылатын сұрақ бұрынғыдан да көбеймесе, азайған жоқ. Таразының бір жағында – жоғары білімге апаратын жалғыз ресми сүзгі тұрса, екінші жағында – оқушылар түсетін стресс, жемқорлық даулары тұр. Бұл мақалада қазіргі ҰБТ форматын талдап, министр Саясат Нұрбек ұсынып отырған ETS-пен бірлескен жаңа халықаралық тестінің білім жүйесін қалай өзгертетінін шолып шығамыз.

Қазіргі ҰБТ қалай жұмыс істейді

Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) – мектеп түлектерінің білімін стандартталған форматта бағалайтын және жоғары оқу орындарына іріктеу жасайтын ұлттық емтихан. Қолданыстағы жүйе бойынша түлек 5 пәннен тест тапсырады: үшеуі – міндетті (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы), қалған екеуі – таңдаған мамандығына қарай бейінді пәндер.

Математикалық және оқу сауаттылығы әрқайсысы 10 тапсырмадан тұрады, Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, ал екі бейіндік пәннен 40-тан тапсырма беріледі. Жалпы балл – 140. Әр пән бойынша бөлек шекті деңгей қойылған: математикалық және оқу сауаттылығы үшін кемінде 3 балл, Қазақстан тарихы үшін кемінде 5 балл, ал әр бейіндік пәннен де кемінде 5 балл жинау керек.

ҰБТ қазір толық компьютерлік форматта, бейнебақылау және онлайн-прокторинг жүйесімен арнайы тестілеу орталықтарында өткізіледі. Бір түлекке жыл ішінде бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі берілген. Түлек алған сертификатымен әрі грант конкурсына, әрі ақылы бөлімге құжат өткізе алады. Бірақ ол үшін жалпы жинаған балы базалық шектен төмен болмауы тиіс. Соңғы бес жылда осы базалық шек тұрақты сақталып келеді: ұлттық университеттерге түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ларға – кемінде 50 балл.

Кей салалар үшін талап бұдан да қатаң: педагогикалық және құқық мамандықтарына – ең төменгі шек 75 балл, медицинаға – 70 балл, ауыл шаруашылығы мен ветеринария бағыттарына – 60 балл.

ҰБТ жүйесіне неге сын айтылады?

Кейінгі жылдары ҰБТ тек білім сапасын өлшейтін құрал ғана емес, әлеуметтік шиеленіс көзі ретінде де жиі аталады. Психологтар мен қоғамдық қорлар зерттеулері ҰБТ маусымы басталғанда жасөспірімдер арасында стресс, үрей, ұйқысыздық деңгейі едәуір артатынын көрсеткен. Сонымен қатар сарапшылар емтихан кезеңінде суицид жағдайлары жиілейтінін, оған ата-аналардың «балл жина» деген қысымы да әсер ететінін талай мәрте айтқан еді.

Ауыл мектептеріндегі материалдық база, мұғалім жетіспеушілігі, қаламен салыстырғандағы курстарға қолжетімділік айырмашылығы да бар. Бұл да ҰБТ нәтижелеріне айқын әсер етеді. Сондықтан жүйенің әлеуметтік әділдігіне қатысты үлкен сұрақ туғызады.

Фото: testcenter.kz

Жүйедегі екінші үлкен сын – жемқорлық пен әділетсіздік. Кейінгі бес жылда құқық қорғау органдары бірнеше рет ҰБТ мен педагогтарды бағалау емтихандары бойынша дұрыс жауаптарды сатқан ұйымдасқан топтарды әшкереледі.

2023 жылы ҰКҚ тестілеуді ұйымдастыратын ұйым қызметкерлерін ақшаға «қашықтан көмек көрсеткені» үшін ұстаған. Ал сотта олардың талапкерлер мен мұғалімдерге дайын жауаптарды жеткізгені дәлелденді.

2024-2025 жылдары ғана ҰБТ кезінде жүздеген түлек смартфон, «шпаргалка» және басқа да тыйым салынған құрылғыларды алып кірмек болғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылғаны хабарланды.

Осының бәрі айналып келгенде ҰБТ айналасында «көлеңкелі нарық» қалыптасқанын көрсетеді. Яғни, кейбіреулер ақшасы болса, өзіне «артықшылық» алуға тырысады.

«ҰБТ-ның көлеңкелі нарығы»

ҰБТ-ға дайындайтын оқу орталықтарының бизнесі жалпы үлкен әрі бақылаусыз нарыққа айналды. Соған дәлел – биыл Астана мен Алматыда мыңға тарта ата-ананы дүрліктірген Tesla Education дауы. Бірнеше филиалы бар оқу орталығының аяқ астынан жабылуы, оның басшысының чатқа қалдырған қысқа «дағдарысқа ұшырадық» деген хаты қоғамда үлкен резонанс туғызған еді.

Ата-аналар орталыққа миллиондап ақша төлеп, балаларын ҰБТ-ға дайындаған. Бірі – 810 мың теңге, бірі – 570 мың теңге бергенін айтса, енді біреуі «соңғы екі орын қалды» деген желеумен қолма-қол төлем жасауға мәжбүр болғанын жеткізді. Олардың айтуынша, менеджерлер жеңілдік береміз деп асықтырған. Тіпті «үш айға дейін үзіліс алуға болады» деген жалған уәде берген.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов аталмыш орталықты қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қатысы бар деп айыптады. Оның айтуынша, орталықтың банктерден көмек алуы мүмкін деген күдік бар.

Фото: kursiv.media архиві

ETS-пен жаңа одақ ҰБТ-ны қалай өзгертеді

19 қарашада Мәжіліс кулуарында сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ҰБТ-ның жаңа форматы әзірленетінін ресми жариялады.

Министрдің айтуынша, Қазақстандық түлектерге болашақта екі таңдау беріледі: дәстүрлі ұлттық тестті тапсыру немесе шетелдік университеттер мен Қазақстандағы шетелдік филиалдар мойындайтын жаңа халықаралық тестіні таңдау.

Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Дастан Шанай

«ETS – әлемдегі ең көне сынақ жүйесі. Арнайы жұмыс тобы құрылып, ETS мамандарының қатысуымен ҰБТ-ның әдістемесі мен мазмұны терең қайта қаралады. Әлемдік деңгейдегі үздік мамандар бірнеше кезеңнен тұратын жұмысқа тартылып, ҰБТ-ны ең озық әдістеме мен ең сапалы сұрақтарға негізделген халықаралық тестке айналдыру қолға алынады», – деді министр Саясат Нұрбек

Министрдің сөзінше, бұл тест логикалық және сыни ойлау, функционалдық сауаттылық, коммуникация және ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалайтын қосымша компонентті қамтиды. Яғни, негізгі басымдық «қанша формула жаттадың?» деген сұрақтан «өмірде кездесетін нақты жағдайды қалай талдайсың, деректерді қалай түсінесің және қорытынды жасайсың?» деген сұраққа ауыспақ.

Бұл реформаның артында ірі халықаралық серіктестік тұр. Биыл министрдің АҚШ-қа сапары аясында Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 17 млрд доллар болатын 29 келісімге қол қойылған. Сол пакет аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Educational Testing Service (ETS) ұйымы Қазақстанның ұлттық тестілеу жүйесін жаңғырту жөніндегі жол картасына қол қойды.

Ұлттық тестілеу орталығының өз мәліметінше, ETS-пен қол қойылған меморандум алдағы үш жылда ҰБТ методологиясын түбегейлі жаңартуды, бағалау өлшемдерін халықаралық деңгейге жақындатуды көздейді.

Алдағы бес жылда Қазақстанды үлкен эксперимент күтіп тұр. Бір жағында – көп сыналған, бірақ бәрімізге таныс ҰБТ, екінші жағында – ETS-пен бірге жасалатын жаңа халықаралық формат.

Сондай-ақ оқыңыз