Атырау мен Маңғыстаудағы мұнайлы аудандар экологиялық аймаққа айнала ма

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: АМӨЗ

Атырау облысындағы Құлсары қаласының тұрғындары Жылыой ауданын экологиялық аймаққа жатқызу туралы сауалды депутат Еділ Жаңбыршинге қойды. 24 қарашада парламенттің төменгі палатасының өкілі Мәжілістің Instagram-дағы парағында тікелей эфир өткізді.

Мұнайлы өңір тұрғындарының сауалына жауап берген Жаңбыршин мұндай мәселені жергілікті билік шеше алатынын айтып, жөн сілтеді.

«Бұл мәселені шешу үшін байқау жариялап, ғылыми институттар зерттеуі керек. Аудан экологиялық аймаққа жата ма, жатпай па – соны ғылыми түрдеу дәлелдеу қажет. Себебі мұндай мәртебеге ие аймақтарға түрлі жеңілдік қарастырылған. Бюджеттен, мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі», – дейді Жаңбыршин.

Бұл ретте депутат байбаламға баспай, заң аясында әрекет етуге кеңес берді.

«Мысалы, мұндай мәселені Бейнеу (Маңғыстау облысы) ауданы да көтеріп жүр. Олар Арал тұзының бізге әсері бар дейді. Жергілікті билік ғалымдардың қорытындысы сүйене отырып шешім шығара алады», – деп түсіндірді депутат.

Мұнайға бай Теңіз кен орны Атырау облысының дәл осы Жылыой ауданында орналасқан. Қазақстанда Семей және Арал өңірлері экологиялық апат аймақтары мәртебесіне ие. Мұнай өңірлер тұрғындары өндіріс зардаптары туралы жиі айтқанымен, экологияға байланысты жеңілдік ала алмай жүр.

Сондай-ақ оқыңыз