
Түркістан қалалық соты Түркістан облысы Сауран ауданында мал шаруашылығына мемлекеттен бөлінген 217 млн теңге субсидияны қолды қылған 5 адамға қатысты үкім шығарды. Олардың төртеуі 5 жыл 2 айға түрмеге жабылды. Бірінің дәл осы мерзімге бас бостандығы шектелді.
Сот кабинеті жүйесіне ілінген сот үкіміне қарағанда, сотталушылардың төртеуі Сауран ауданына қарасты ветеринарлық қызмет кәсірорнының қызметкерлері. Үшеуі – ветеринариялық дәрігер, бірі – Сауран аудандық ветеринариялық пунк меңгерушісі. Бесінші сотталушы – мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер.
Күдіктілер мал шаруашылығына бөлінген субсидияны жымқыруды 2020 жылы бастаған. Әуелі ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасына жалған құжаттар тіркеген. Мысалы, «Олимжон Бизнес» шаруақожалығы 42 бұқаны тірі салмақта бордақылау алаңына өткізгені туралы жалған ақпарат тіркеген. Көп өтпей субсидия алуға «subsidy.plem.kz» базасы арқылы өтінім берген. Осы сияқты өмірде жоқ құйрықты қой, бұқа және сиырды бір жылда бірнеше қожалық арқылы бірнеше рет қайталаған. Субсидияны 70 мың теңгеден бастап, 7 млн теңгеге дейін алған. Олар түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Сөйтіп жалпы 271 млн теңгеден аса мемлекетке залал келтірген. Қылмыс 4 жылға созылған.
Сот талқылауында сотталушылардың бірі айыппен келіспеген, қалғаны кінәсін толық мойындаған.
Іс бойынша басты сотталушы «Алаяқтық» бабының екі тармағымен істі болды. Ол «бөтеннің мүлкін алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен, өзінің қызмет бабын пайдаланып, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде, жалпы 213 679 700 теңге субсидия түріндегі мемлекет қаржысын жымқырған». Және сыбайластарымен алдын ала сөз байласып мемлекет қаржысын алаяқтық жолымен жымқыруға көмектескен.
Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.