Банк пен қаржы

Владимир Кимге тиесілі Bank RBK мемлекет берген көмекті толық қайтарады

Владимир Кимге тиесілі Bank RBK мемлекет берген көмекті толық қайтарады / Фото: 2gis

Bank RBK 176,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі. Шешім 24 қарашада өткен акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды.

«Bank RBK банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысуды мерзімінен бұрын аяқтайды, оның шеңберінде 2017-2018 жылдары 243,7 млрд теңге алған еді», – делінген хабарламада.

2022-2025 жылдары Bank RBK мемлекетке алынған көмектің 67 млрд теңгесін қайтарып берді және енді қалған соманы толығымен өтейді. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап банк 75,5 млрд теңге купондық сыйақы төледі.

Нәтижесінде мемлекетке төленетін төлемдердің жалпы сомасы 319,2 млрд теңгені құрайды (негізгі қарыз 243,7 млрд теңге және сыйақы 75,5 млрд теңге). Бағдарламаның шарттарына сәйкес, көмекті қайтару мерзімі 2032 жылға дейін көзделген.

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Bank RBK таза пайдасы 55,8 млрд теңгені құрады. Банк акцияларының 89,79%-ы «КСС Финансқа» тиесілі, оның түпкі иесі Владимир Ким, тағы 6,49% – банк басшысы Наталья Акентьеваға тиесілі.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың көктемінен бастап Қазақстанда мемлекет көмегін қайтармаған банктердің қызметі шектелген. Талаптардың бірі: олар акционерлерге қайтарылған мемлекеттік көмектің мөлшерінен 10 есе ғана дивиденд төлей алады.

2025 жылдың наурыз айының басында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов бес қазақстандық банк мемлекетке 1,4 трлн теңге мемлекеттік көмекті қайтармағанын мәлімдеді. Әңгіме Bank RBK, Alatau City Bank, Еуразиялық банк, Нұрбанк және Центркредит Банкі туралы болды. Қазіргі уақытта үш банк борышкер болып қалды – Bank RBK және ЦКБ барлық көмекті мерзімінен бұрын қайтарып берді.