
Алмазбек Атамбаевтің ұлы Қадырбек Атамбаев жаппай тәртіпсіздікке шақыру ісі бойынша ұсталып, 22 және 23 қарашада тергеу изоляторынан екі хат жариялады. Ол хатта күш құрылымдары тарапынан қысым көрсетілгенін және тағылған айыптардың жала екенін мәлімдеген. Оған «билікті күшпен басып алуға оқталу» бабы бойынша айып тағылған. Бұл туралы Kaktus.media басылымы хабарлады.
22 қарашадағы хат
Қадырбек Атамбаев 22 қарашада жазған хатында өзі мен әріптестерінің ешкімді жаппай тәртіпсіздікке шақырмағанын, тек Свердлов сайлау округінде депутаттыққа үміткер Қыял Токторбаеваға қолдау көрсету мақсатында үгіт-насихатпен айналысқанын мәлімдеген.
«22 қараша күні таңғы сағат 07:00-де менің және анамның пәтеріне он шақты арнайы жасақ қызметкері баса-көктеп кіріп келді. Олар не заңды негізін, не қандай да бір қисынды түсіндірмеді», – деп жазады ол.

Оның айтуынша, тергеу амалдары бірқатар заңбұзушылықпен өткен, ал ІІМ Тергеу басқармасында адвокат шақыру құқығы шектелген.
«Жаппай тәртіпсіздікке шақыру» айыбын түсіндіре отырып, Қадырбек Атамбаев қандай да бір билікті басып алу жоспары болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, өзіне тағылып отырған «қастандық» туралы айыптау Темірлан Сұлтанбековтің жасырын камераға түсірілген «асүйдегі пікірталастарының» үзінділеріне негізделген.
23 қарашадағы хат
23 қарашадағы хатында Қадырбек Атамбаев өзіне тағылған айып «жаппай тәртіпсіздікке шақырудан» «билікті күшпен құлатуға әрекеттену» бабына ауыстырылғанын мәлімдеді.
«Мұндай айыптауға негіз болғаны – менің әлеуметтік желідегі парақшамда азық-түлік бағасының өсуі мен энергетика саласындағы мәселелер туралы жазғаным. Айыптаудың мәні абсурд деңгейіне жеткізілген», – деп жазады ол.

Атамбаев өзінің энергетика саласындағы «мәселелер» жайлы жазбағанын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, ол Ширшов пен Максим Бакиевке қатысы бар майнинг-ферманың жұмысына байланысты Бас прокуратураға ресми шағым түсірген. Бұл шағым бойынша материалдар ҰҚК-ге жолданған, ал ол өз кезегінде өзінің ұсталуын осы жағдаймен байланыстырады.
Сондай-ақ ол азық-түлік бағасы мен экономикалық жағдай туралы жазбалары аналитикалық сипатта болғанын айтады. Жазбалар Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) және Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) деректеріне негізделген.
«Мұның бәрі билікті күшпен басып алуға әрекет ретінде қалай бағалануы мүмкін?» – деп жазады ол.
Атамбаев өз ісін «абсурд театры» деп атады. Оның айтуынша, ғылыми мақалалар, әлеуметтік желідегі жазбалар мен Ширшовқа қатысы бар адамдарға қарсы шағым ауыр айыптаулар тағуға сылтау болған.
Осыған дейін Қадырбек Атамбаев Facebook-тегі парақшасына Алмазбек Атамбаевтың отбасы Қой-Таштағы резиденциясынан сот шешімімен күштеп шығарылғаны жайлы жазған еді. Үй орнына қарттар үйі мен 500 орындық балабақша салынбақ.