
Қазақстандық кинотеатрлар соңғы (20–23 қараша) күндер аралығындағы бокс-офис көрсеткіштерін жариялады. Freedom Ticketon мәліметінше, өткен аптада қазақстандық көрермендер арасында ең көп табыс әкелген фильмдер тізімінде «№37» киносы көш бастады.
- «№37» – 265 891 613 ₸ (1 апта)
Драма жанрындағы бұл туынды алғашқы аптада-ақ 265 млн теңгеден астам табыс жинап, бәсекелестерін артта қалдырды. Бір қарағанда, түсіну оңай болмайтын бұл фильм бұған дейін театр қойылымның негізінде түсірілген. Ал фильмнің өзгешелігін бұған дейін Kursiv LifeStyle жазған еді.
- «Иллюзия обмана 3» – 263 794 310 ₸ (2 апта)
Танымал франшизаның үш бөлімі әлі де сұраныста. Екінші апта көрсетіліп жатқанына қарамастан, картинаның табысы 263 млн теңгеден асып, көш басынан бір-ақ саты төмен орналасты.
- «Ауру» – 244 796 370 ₸ (2 апта)
Отандық «Ауру» картинасы да көрермен санасын дүр сілкіндірді. Өткен аптада 517 млн жинаған фильм, екінші аптасында 244 млн теңгеге жуық табыс жинады.
- «Алло» – 90 875 265 ₸ (2 апта)
Комедия жанрындағы «Алло» туындысы 90 млн теңгеден астам табыспен төртінші орынға жайғасты.
- «Жездуха Кореяда» – 75 223 200 ₸ (3 апта)
Үшінші апта қатарынан көрсетіліп жатқан фильм тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Танымал комедияның кореялық сапары көрермендер арасында қызығушылық тудырғаны байқалады.
Сондай-ақ қоғамның сынына қалған Мөлдір Мұқанованың «Шай в большом городе» фильмі 70 млн жинады.