Жаңалықтар

Алматы – Бішкек трассында алты адам қаза болды – қылмыстық іс қозғалды

полиция
23 жастағы Audi автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы Toyota көлігімен соқтығысқан / фото: shutterstock

Алматы облысында алты адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдын ала мәлімет бойынша, Audi автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы Toyota көлігімен соқтығысқан.

ҚазТАГ жазуынша, оқиға Алматы – Бішкек автожолының 65-шақырымында болған.

Полиция қызметкерлері жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, медициналық мекемеде қайтыс болды», – дейді полиция өкілдері.

Сонымен қатар бес жолаушы түрлі жарақат алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Алматы облысы ДП басшылығының ерекше бақылауында.

Мұның алдында БҚО тас жолында сегіз адам қаза тапса, Қарағандыда 7 адам қайтыс болған жол апаты үшін жүргізуші 5 жылға сотталған еді.