Депутат Ермұрат Бапи Думан Мұхамедкәріммен кездесті

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Думан Мұхамедкәрім
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қызылордада абақтыда отырған журналист Думан Мұхамедкәріммен кездескен. Бұл жайлы ол фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«Екеуара екі сағатқа жуық әңгімелестік. Сол баяғы Думан: бірбеткей, тікмінез, турашыл. Сот үкімімен таңылған жазаны мойындамайды.Өр мінезінен айнымаған. Ұнжырғасы түспеген. Басты айнадай ғып, ұстарамен қырып тастаған. «Неге қырдың?» десем, «Гигиена, кичада душ жоқ қой…» деп тағы да әзілдейді», – деп жазды ол.

Айтуынша, белсендінің қазір денсаулығы нашарлаған, бүйрегі төмендеген, асқазаны ауырады. Бірақ соған қарамастан, журналист наразылығын білдіру формасы ретінде аштық жариялаудан бас тартпай отыр.

Думан Мұхамедкәрім өзін тұрғылықты жері Алматының төңірегіне немесе таяудағы Талдықорғанға ауыстыруды сұрап отыр. Бірақ оған рұқсат берілмеген.

«Алматыға ауыстыру жөніндегі өтінішін өтеу қаншалықты қиын» деген сұрағыма ДУИС-тен: «Мұхамедкәрімнің 13 ішкі жазасы (вызыскание) бар, сондықтан мекемеге сәйкес тәртіпті бұзған сотталушылардың мұндай өтініші орындалуға жатпайды» дейді мекеме басшылығы. «Думанның бұл өтініші орындалса, біраз дабыраның дауы басылар ма еді…» деген сұрағыма ДУИС-тен: «Ондайда жазасын өтеу орынын ауыстыруды сұраған, ішкі тәртіпті бұзбаған басқалардың құқығына әділетсіздік жасаған боламыз. Ондай өтініш аз емес» деген жауап алдым», – деп түсіндірді Ермұрат Бапи.

Ол Думанның камерасына белгісіз жарылғыш зат лақтырылды деген әңгіменің жай-жапсарын да сұрады.

«Сотталған адам отырған камераның есіктегі тесігінен әлдебір белгісіз жарылғыш зат лақтырылды деген адвокаттың мәлімдемесіне байланысты не айтасыз» деген сауалыма түрме басшысы: «Бұл жағдай тексерілуде. Бірақ мұндай қарабайыр әрекетті Мұхамедкәрімге қатысты қастандық жасалған деп бағалауға болмайды. Егер шынында да түрмеде отырған әлдекімге (Думанға ғана емес) қастандық ұйымдастырылатын болса, әдетте ондай іс даңғаза дабырамен жасалмайды ғой. Сондықтан бұл Думанның төңірегіндегі қоғамдық у-шуды қоздырудың әлдекімдер сырттан ұйымдастырған провакациялық әрекеті» деп жауап берді», – дейді депутат.

Осы жылдың басында белсендімен кездесуге әкесі де барып, бірақ жолыға алмай кеткен еді. Түрме басшылығы оны Думанның тәртіп бұзғанын айтып, рұқсат берілмейді деп түсіндірді.

Думан Мұхаммедкәрім тәуелсіз журналист, Ne Deidi YouTube-арнасының авторы. 2024 жылы экстремизмді қаржыландырды, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты деген айыппен 7 жылға сотталған. Оған қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбатында Қазақстанда экстремистік деп танылған ҚДТ ұйымының шоттарын жариялауы себеп болған. Журналистің жақтастары оның сотталуына Қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси белсенділігі себеп деп санайды. 

Сондай-ақ оқыңыз