
Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қасқыр мен шибөрілер қорадағы малға түсіп, болмай тұр. Малшылар, әсіресе, қасқыр жылдағыдан ерте әрі үйірімен шапты деп отыр. Дәл қазір Қаратаудың етегінде жағалай орналасқан Майбұлақ, Жарықбас, Қарағай, Ақтас, Жаңаталап және Ағыбет ауылының тұрғындары бетіне қарап отырған малын ит-құстан қорғағанымен, қайта-қайта қасқыр талап жатыр. Олар жергілікті әкімдіктен көмек сұрайды.
Мал асырап, жан бағып отырған Әтірхан Кемелбековтің қыс түспей қорадағы 7 тайы мен 2 құлынын қасқыр шауып, жеп кеткен. Амалы құрыған шаруа бар малын тай-тұяғымен жинап, қорасын күндіз-түні қарауылдап отыруға мәжбүр. Түнде жабық қорада ұстайды. Ол биыл қасқыр ерте шықты деп отыр. Айтуынша, жылда қаңтар, ақпан, наурыз айында қасқыр қораға шабатын. Ал биыл қазаннан бастаған.

«Биыл ерте бастады. Өткен 2 айдың ішінде 9 малды жеп кетті. Құлынның бәрін қораның ішіне қамап тастадым. Кейде күндіз де қасқыр қораға түседі. Қайда жегенін артынан іздеп тауып аламыз», – дейді шаруа.
Шаруалардың сөзінше, күздікте жүрген малдың жайы тіптен қиын. Уақ малды айтпағанда, сиыр мен жылқыны да қасқыр тартып кетіп жатыр. Қасқырды үйірімен жүргенін көргендер көп. Қазірден қорадағы малын жарақаттап, не қарнын жарып өлтіріп жатқан шаруалар қыста қайтеміз деп алаңдайды. Малды былай қойғанда, түнде тұрғындардың өзі сыртқа емін-еркін шығудан қалдық деп күйініп отыр.
Тағы бір ауыл тұрғынының айтуынша, тамыз айында ірісі бар, ұсағы бар 12 бас жылқыны қасқыр тартып кеткен. «Басында тұрып мылтықпен атсақ та, алып кетті. Байқағаным, қасқыр жылдағыдан көбейген. Аман қалған жылқыларды үйде ұстап отырмыз. Қазірден жем-шөп беріп жатырмыз. Қыстан қалай шығатынымызды білмейміз», – дейді ауыл тұрғыны.
Ауыл тұрғындары қасқырдан бөлек малдың жауы шиебөрінің де қарасы көбейгенін байқаған. Айдың-күннің аманында аузындағы асынан айырылып, қорадағы малын алдырып жатқан тұрғындар жыртқыштармен өз бетінше күресуге шамасы жетпейтінін алға тартып отыр. Айтуынша, қасқырды атуға рұқсат жоқ. Оның үстіне қолдағы мылтықтың дерлік бәрін жинап алған. Ал аңшыларды жалдау қымбат. Оған тұрғындардың қалтасы көтермейді.
«Қасқыр көбейгенімен, оны ұстап жатқан ешкім жоқ. Қасқыр әр туғанда оншақты күшік балалайды. Сондықтан бізге көмек керек. Қасқырды аулау керек немесе оны азайтудың басқа әдісі керек», – дейді ауыл тұрғыны Әлмырза Еркебаев.
Ауыл әкімдігі аңшыларды шақыруға бюджеттен ақша қарастырылмағанын айтады. Ал аңшылар қоғамына екі рет ресми хат жолдаған. Дегенмен әлі күнге жауап ала алмаған. Аудан әкімдігі болса тұрғындардың шағымынан бейхабармыз дейді. Енді аңшылар қоғамымен байланыспақ. Бір аптаның көлемінде мәселені шешеміз деп сендіреді әкімдік.
«Ақпаратты толық талдаймыз. Аңшылар қоғамына хабарласамыз. Егер келісіп, аңшылар жіберсе біз оқ-дәрімен, ас-сумен қамтамасыз етеміз»,– деді Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев.