
Астанада елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жүргізілген сауалнама нәтижесі жарияланды. Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу қазақстандықтардың 69%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылықты күрделі әлеуметтік проблема деп санайтынын көрсеткен.
Алайда әр бесінші адам бұл мәселені әсірелеп жіберген деп санайды. Енді бір бөлігі (7%) елде мұндай мәселе барын жоққа шығарған.
«Әйелдер, қала тұрғындары, жоғары білімі бар респонденттер және орыстілді тұрғындар бұл мәселеге анағұрлым басымдық береді. Ал оңтүстік пен ауылдық жердегілер табу тақырып деп, «әр отбасының ішкі мәселесі» деп санайды», – деп мәлімдеді институт мамандары.
Ал ұлттық баяндаманың алғашқы бөлімін жазған әлеуметтанушы Ботагөз Төреханова қыз алып қашуға қатысты мәселені көтерді.
«Қыз алып қашуға келсек, мұндай жағдайдың көпшілігі некедегі зорлық-зомбылыққа әкеледі. Сауалнамаға қатысқан әр оныншы адам кейінгі екі жылда айналасында осындай мәжбүрлі некеге куә болғанын айтқан. Ішінде әр екінші адам мұндай некеде зорлық-зомбылық болғанын айтқан», – дейді Ботагөз Төреханова.
Айта кетейік, елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайға талдау жүргізіліп, ұлттық баяндама әзірленген. Құжатқа сәйкес, 2024 жылы елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3 382 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2023 жылы 923 іс болған. Биыл жарты жылда 1 630 құқық бұзушылық тіркелген.