Балаларға зорлық жиі жасалатын өңірлер аталды

Қазақстанның қоғамдық даму институты үш мың адам арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сауалнама жүргізіп, ұлттық баяндама әзірледі. Сұрақтарға жауап бергендердің арасында зорлық-зомбылық көрген 30 әйел мен 5 агрессор да бар.
Респонденттер берген жауабында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйелдер жиі ұшырайтынын көрсеткен. Екінші орында балалар тұр. Содан кейін мүгедектер мен қарттар бар. Ал ер адамдар соңғы орында тұр – 10%.
«Балаларға жасалатын сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты Алматы қаласы, Қарағанды, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысында статистика жоғары», – дейді әлеуметтанушы Алина Мағамбетова.
Балаларға қатысты құқықбұзушылық 2021 жылдан 2024 жылға дейін 60% өскен. Былтыр 3 356 жағдай тіркелген. Ал 2025 жылдың алты айында 1 825 балаға қатысты қылмыс жасалған.
Баяндамаға сәйкес, қазақстандықтардың 37,5%-ы ата-ана тәрбиелеу мақсатында баланы ұрып-соғуға құқылы санайды. Бала күнінде зорлыққа ұшырағандар мұндай әрекетті қалыпты жағдай деп ойлайды. Ал сарапшылар бала мұндай әрекеттен күйзеліске түсіп, суицидке баруды ойлауы мүмкін екенін айтады.
Ал жалпы статистика тұрмыстық зорлық-зомбылық солтүстік өңірлерде жиі жасалатынын көрсеткен. Мамандар мұның адамдардың шағымдануымен байланыстырып отыр.
«Оңтүстікте азаматтар көп шағымданбайды, бірақ ол жақта тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалмайды деп айта алмаймыз. Оңтүстік пен батыста қыз-келіншектер айтуға ұялады. «Отбасыңа орал, кетпе» деген қысым бар», – дейді маман.
Ұлттық баяндама мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысымен әзірленген. Құжат жақын арада президентке жолданады.