
Қазақстанның қоғамдық даму институты Оқу-ағарту министрлігіне мектеп бағдарламасына «Әдеп» пәнін қосу туралы ұсыныс енгізгелі жатыр. Бұл туралы институттың отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеу орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл айтты.
«Балаларға эмоционалды интеллект негіздерін, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері айтылатын сабақ өтілсе дейміз. Репродуктивті жағдайды зерттегенде осы мәселе айқын көрінеді. Бұл мектепте үйретілмейді. Бұрын валеология деген сабақ болды, оны алып тастады.
Жапонияда өмірге қажет дағдыларды меңгермеген бала 7-сыныптан келесі сыныпқа ауыса алмайды. Бізде өмір негіздерін үйрететін сабақ жоқ», – дейді әлеуметтанушы.
Институт ұсыныс жасайды, әрі қарай шешімді Оқу-ағарту министрлігі қабылдайды.
Айта кетейік, елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайға талдау жүргізіліп, ұлттық баяндама әзірленген. Құжатқа сәйкес, 2024 жылы елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 3 382 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2023 жылы 923 іс болған. Биыл жарты жылда 1 630 құқық бұзушылық тіркелген.
Балаларға қатысты құқықбұзушылық 2021 жылдан 2024 жылға дейін 60% өскен.
Қылмыстық кодекстің 120 (зорлау) және 121 бабы (сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері) бойынша 2023 жылы 436 жағдай, 2024 жылы 440, 2025 жылдың 6 айында 193 жағдай тіркелген.
Ал қылмыстық кодекстің 122 жасөспіріммен жыныстық қатынас немесе басқа сексуалдық әрекеттер) және 124 бабы (жасөспірімдерді азғындыққа үйрету) бойынша әр жылдары 416, 408 және 203 жағдай тіркелген.