Луврдағы ұрлық: Парижде тағы төрт күдікті ұсталды

Жарияланды 25 Қараша 2025 23:28

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

​​General news бөлімінің тілшісі a.tolendi@kursiv.media
Луврдағы ұрлық: Парижде тағы төрт күдікті ұсталды / Фото: Dimitar Dilkoff/AFP/Getty Images

Франция астанасы Париждің прокуратурасы Луврдағы ұрлыққа байланысты тергеу аясында тағы төрт адамды қамауға алғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды France Info.

25 Қарашада 31-40 жас аралығындағы екі ер адам мен екі әйел ұсталды, деп хабарлады прокурор Лор Бекко. Қазір күдіктілерден тергеушілер жауап алуда. Прокуратура ұсталғандарға қандай айып тағылатынын жария еткен жоқ.

Бұған дейін іс бойынша үш ер адам мен бір әйел ұсталған. Ер адамдарға ұйымдасқан тонау және сөз байласу, ал әйелге ұрлыққа қатысы бар деген ресми айып тағылды. Барлығы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мұражайды тонау туралы тергеуді Париж полиция префектурасының бандитизм бригадасы және мәдени құндылықтардың заңсыз айналымына қарсы бас дирекция жүргізеді.

Ұрланған зергерлік бұйымдар әлі табылған жоқ.

Еске салайық, 19 қазанда Лувр мұражайында ұрлық жасалды. Бетперде киген адамдар жеті минуттың ішінде Наполеон Бонапарт пен француз монархтарына тиесілі асыл тастар мен әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз