
Ақтауда жаңа теңіз портын салу жобасын іске асыру басталып кетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, жобаның стратегиялық серіктесі ретінде Қытайдың компаниялар тобы таңдалған. Инвестиция көлемі – 300 млн доллар. Инвестор компания өңірде ресми тіркелген. Қазір инвестициялық келісімге қол қоюға қажетті құжаттар дайындалып жатыр.
«Қазір инвесторлар өз компаниясын тіркеді. Командасы Ақтау қаласында жүр. Қолайлы жер учаскесі анықталды. Рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аяқталуға жақын. Бұл жоба Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа бағытындағы жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жүк жеткізу уақытын 7-15 күнге қысқартып, көлік шығындарын 18-25 пайызға дейін төмендетеді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылуына мүмкіндік береді», – деді Қилыбай.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2030 жылға дейін бес трансшекаралық хабты іске қосатыны жайлы жазғанбыз.