
Астанада мөлдір қабырғалы қоғамдық әжетханалар орнатылды. Кенесары және Мәмбетов көшелерінің қиылысында орналасқан ерекше әжетхананы блогер Нұрсұлтан Камзебаев әлеуметтік желіде таныстырды.
Жаңашылдықтың басты ерекшелігі – әжетхана бос кезде оның қабырғалары толықтай мөлдір болады. Ал келуші ішке кіріп, батырманы басқан сәтте мөлдір шыны бірден ішкі кеңістікті толық жасырады.
Блогердің сөзінше, қалалықтар әжетханаға QR-код арқылы кіре алады. Жүйе символикалық төлем қабылдайды. Әжетхананың ішінде тазалық сақталған, жылыту жүйесі жұмыс істейді. Интерьер минималистік ақ түсте жасалған.
Желі қолданушылары жаңалықты қызу талқылап жатыр.

Көпшілігі әзіл-сықақпен пікір білдірсе де, жалпы идеяны қолдайтындарын жазған.
Мөлдір қабырғалы әжетханалар концепциясы алғаш Жапонияда пайда болған. 2020 жылы Токиода архитектор Сигэру Бан жобасы аясында орнатылған кабинкалар қауіпсіздік пен абсолюттік тазалық идеяларын біріктірген.