
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы аясында бес трансшекаралық хабты қалыптастыру жұмыстары іске асырылып жатқанын мәлімдеді.
Үкіметте баяндама жасаған министр бүгінде барлық бес трансшекаралық хаб бойынша есеп берді. Сөзінше, біріншіден, басқарушы компаниялар және олардың жұмыс істеу шарттары айқындалған. Екіншіден, әлеуетті инвестициялық жобалардың пулдары қалыптастырылған. Үшіншіден, электр энергиясы, сумен жабдықтау, көлік жолдары және коммуникациялар сияқты негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына 2025 жылы наурызда «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мәртебесі берілген. Одан бөлек «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы әуежайының маңында орналасқан. Басқарушы компания – «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Қорғас торабы арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие.
Оның құрамына: «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы арнайы экономикалық аймағы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы кіреді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамдас бөлігіндегі Индустриялық саудалогистикалық кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу пунктерінің жанында орналасқан.
«Каспий торабы аясында екі ірі жоба іске асырылуда: Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хаб, Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы. Екі жоба да «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілген. Контейнерлік хаб үшін 19 гектар жер телімі бөлінді. Бұл «Ляньюньган Құрлықтық терминалы» компаниясымен бірлескен жоба. Инвестиция көлемі 47,6 миллиард теңге», – дейді ол.
Хабтың алғашқы іске қосу кешені шілде айында пайдалануға берілген. Екінші кешеннің құрылысы 95 пайыз орындалып, жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.