Қазақстанда қоқыс шығару қызметі қымбаттайды

Елдегі кәсіпорындар үшін қалдықтарды қайта өңдеуден гөрі айыппұл төлеу тиімді болып отыр. Бұл жөнінде экология вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, қалдықтарды өңдеу экономикалық тұрғыдан тартымсыз күйінде қалып отыр. Себебі инфрақұрылым әлсіз дамыған, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған тарифтер шығынды жаппайды. Ал қалдық көлеміне қатысты нақты деректердің болмауы инвестор тартуға кедергі келтіреді.
«Кәсіпорындарда қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандыратын немесе міндеттейтін механизмдер жоқ, сол себепті қалдықтар жылдар бойы жиналып, экологиялық қауіп тудырып жатыр. Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен төрт жарым млн тонна қалдық түзіледі, алайда оның тек 25-26 пайызы ғана қайта өңделеді», – дейді Әлиев.
Әлиевтің сөзінше, қалдықтың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондарға жіберіледі.
«Тағам қалдықтары әр аймаққа байланысты тұрмыстық қалдық массасының 30-40 пайызын құрайды. Бірақ оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым іс жүзінде жоқ. Құрылыс қалдықтары заң бойынша көмуге болмайтынына қарамастан, стихиялық қоқыс санын көбейтіп жатыр», – деді вице-министр.
Министрлік мәселені шешу үшін бірқатар шара ұсынатынын хабарлады. Ведомство утилизациялық төлемдерді заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға бағыттамақ. Сондай-ақ қоқыс шығару тарифтерін қайта қарау керек екенін айтты. Оларды үш жыл сайын индекстеуді тиімді деп санайды.
Сонымен қатар министрлік салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар әзірлеуді және өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) жүйесін жетілдіруді ұсынды.
Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында шетелдік инвестициялар есебінен 3 қоқыс өртейтін зауыт салынатыны хабарланды.